Бүгін Шымкент қаласының өңірлік коммуникациялар алаңында «Атаулы әлеуметтік көмектің тиімділігін арттыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелде тақырыпты жан-жақты талқылау мақсатында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева қатысып, атаулы әлеуметтік төлемдер жайында баяндама жасады.
Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек табысы аз азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді. ҚР Әлеуметтік кодексіне сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын адамға немесе отбасыға шартсыз және шартты ақшалай көмек түрінде беріледі.
Бүгінгі күні кедейлік шегі күнкөріс деңгейінің 70% деңгейінде немесе 2024 жылдың 1 тоқсанына 34 358 теңге болып белгіленді .Осылайша, бір адамға (отбасыға) келетін АӘК-тің мөлшері жан басына шаққандағы орташа кіріс пен әр мүшесіне негізделген белгіленген кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі.
–Шымкент қаласында 2023 жылы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 19 022 азамат жұмысқа жарамды екені анықталды. Оның ішінде 11 017 азамат жұмыспен қамтылған. Басқарма 1 165 адамды нәтижелі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуына ұйытқы болды. Атап айтқанда, 773 адам тұрақты жұмыс орындарына, 73-і қоғамдық жұмыстарға, 23-і жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына 44 адам, 50 адам кәсіпкерлік бастамаларды ілгерілетуге және 202-сі қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды, — деді Жанат Өмірсейітқызы.
Басқарма басшысының айтуынша, 2024 жылдың қаңтарынан бүгінге дейін барлығы 6 927 отбасыдан АӘК-ке өтінім түскен. Оның 6454-інің мұқтаждығы анықталса, аудан әкімдері жанандағы учаскелік комиссиялар тарапынан 473 отбасыға әлеуметтік көмек тағайындаудан бас тартылған.
–Аудан әкімдіктерінен тыс басқарма тарапынан осы тағайындалған отбасылар ұсынған құжаттарының түпнұсқа екеніне көз жеткізу үшін тиісті мекемелер арқылы қосымша зерделеумен қоса, үй-жайлардағы тұрмыс жағдайы да ішінара зерделенеді. Негізгі мақсат — бюджет қаржысының тиімді жұмсалуына ықпал ету, — деді Ж.Өтебаева.