Әрбір бесінші нәзік жанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды

нәзік жанды

Елімізде әйелдердің 15%-ы ер адам өз жұбайына қол көтеруге құқылы деп санайды. Ал, ауылдық жерлерде әрбір бесінші нәзік жанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Бұл туралы «Қазақстанның Әйелдері Күштерінің Альянсы» қоғамдық ұйымы мүшелерінің кездесуінде айтылды. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-де өткен алқалы мәжілісте сондай-ақ, гендерлік саясат мәселелері туралы сөз қозғалды.

Қазақстан халқының  9,7 миллионы – әйелдер.  Олар елдің ЖІӨ құруға елеулі үлес қосып отыр. Бүгінгі жиынға қатысқандар нәзік жандылардың құқықтық қорғалуы жағынан жан-жақты сөз қозғады.

Әйел құқықтарын қорғайтын бұл ұйым 2019 жылдың қыркүйек айында қызметін бастады. Альянс құрамында 20 шақты ұйым бар. Олар гендерлік теңсіздік мәселелерін шешумен және әйелдердің саясатта, экономика мен қоғамдық қызметте алға жылжуға мүмкіндік тудырумен айналысады. Ал, мәжіліске Қызылорда облысынан келген Рахима Ахметова аймақтық кеңесте әйелдердің саясаттағы рөлі туралы баяндама жасады.

Гендерлік дамудың жаһандық индексі бойынша Қазақстан 94 орынды иеленді. Елімізде облыс әкімдері арасында  бірде-бір әйел жоқ. Бүгінгі жағдайды ескере отырып, Альянс нәзік жандылардың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуді көздеп отыр.

Бұған дейін қыз-келіншектерге қол көтеру, ұру дерегі әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс шеңберінде қаралып келген. Енді өзіне ер адам қол көтергенін айтып, нақты дәйек ұсынған әйел құзырлы органдарға арызданса, оның шағымы Қылмыстық кодекс аясында қаралады. Сондықтан әйелге қол көтергеннің де жазасы қатаң болмақ.

«Ұру» бабы бойынша осындай шағым түскен жағдай айқындалса әйеліне қол көтерген, шапалақпен тартып қалған ер азаматтар 25 тәулікке қамалады. Сондай-ақ 80 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін. (80 АЕК — 295 360 теңге).80 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту шарасы да енгізілген.Аталған бапты халық қалаулылары бірінші оқылымда мақұлдады.



Be the first to comment on "Әрбір бесінші нәзік жанды тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты жағдай ретінде қабылдайды"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*