Облыс басшысы Бәйдібек ауданына арнайы іс-сапармен барды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек ауданына жұмыс сапарында «Қапшағай» су қоймасына барып, жұмыс барысымен танысты. Аудан үшін ғана емес, облыс үшін маңызды стратегиялық нысанды жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Жауаптылармен, мердігермен кездескен облыс әкімі су қоймасының құрылысы қоғам назарында тұрғанын жеткізді. 

         Маңызды құрылыстың сапалы жүргізілуінің қатаң бақылауда болатынын ескертті.  Өңір басшысы Шаян елді мекеніндегі 100 000 кітап қорына арналған орталық кітапхана құрылысын көрді. Құрылыс жұмыстары былтыр басталған. Аталған нысанның қабырғалары толық қаланған. Жаңа кітапхананың бірінші және екінші қабатында келушілерге арналған оқу залдары болады. Облыс әкіміне кітапхана құрылысының жай-күйі баяндалды. Қосымша қаржыландыру мәселесі көтеріліп, оны шешу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Бәйдібек жұртшылығымен кездесіп, ұсыныстары мен өтініштерін тыңдады. Қоғаммен сындарлы диалог аса маңызды екенін айтқан өңір басшысы Президенттің жуырда жарияланған Жолдауындағы тапсырмаларды орындау міндеті тұрғанын атап өтті. Президент айшықтап берген реформалардың нақты 5 бағдарларын түсіндірді.  Кездесуде облыс әкімдігі тарапынан бәйдібектіктердің өтініштері мен ұсыныстарын орындау бағытында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, Жамбыл елді мекеніндегі 6 көшеге «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қажетті қаржы бөлініп, биыл пайдалануға беру жоспарлануда. Бәйдібек ата елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені және «Орталық саябақ» нысандарының құрылыс жұмыстары басталды. Нысандар  2023 өтпелі. Биыл Бәйдібек ауданы, Жолғабас елді мекеніндегі 8 сыныптық мектептің қосымша құрылысына және Ағыбет елді мекеніндегі Есіркеп батыр мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бағытталған. Шаян және Ақжар елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіледі.   Аймақ басшысы шағын бизнесті дамыту бағытында атқарылатын жұмыстарды күшейту керегін тілге тиек етті. Облыс әкімі әуелі кәсіпкерлердің өз өнімдері мен ауыл шаруашылығы техникалары қойылған көрмені тамашалап, аудан кәсіпкерлерінің қадамын оң бағалады. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік грант алған іскер тұрғындардың жұмысымен танысты. 

Ntime.kz