Облыс әкімімен кездесуде Сарыағаш тұрғындары өткір мәселелерді ашық айтты

Облыс әкімімен

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуде тұрғындар күрмеуі шешілмеген түйткілдерді тарқатып, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. Облыс әкімі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту жолындағы жұмыстарға тоқталып, жоспарларды атап өтті. Өңір басшысы кездесуге келіп, өтініш айтамын деген барлық тұрғынды соңына дейін қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы əртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркəсіп кешенінің əлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы міндеттерді орындау үшін баршамыз бірлесе еңбек етуіміз қажет. Сарыағаш ауданында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсақ, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 11 елді мекенде құны 3,5 млрд. теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылды. Нəтижесінде 51 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. 150 орындық кітапхана мен мəдениет үйі ел игілігіне берілді. Елді мекендерде спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы 309 млн. теңгеге 34 жоба қаржыландырылған болса, 2025 жылы 499 млн. теңгеге 42 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 24 маманға 9 млн. теңгеге бірреттік көтерме жəрдемақы, 14 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 103 млн. теңге көлемінде бюджеттік несие берілді. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 1 мектеп пайдалануға тапсырылды. Жалпы өңірлік өнім көлемі 25 пайызға, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 3 пайызға өсті. Инвестиция мен құрылыс жұмыстарының көлемі өскен. Өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыс күшейтілуі тиіс, – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров ауданның əлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін көтеру мақсатында арнайы қадамдық іс-шара жоспарын бекітіп, қысқа мерзімде нақты шараларды қабылдауды тапсырды. Сонымен қатар «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау керектігін жеткізді.

Кездесуде Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев өткен жылы атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарлары жайында баяндады.

Мәселелер ашық айтылып, өткір сұрақтар қойылған кездесуде тұрғындар білім, жол, кәріз жүйесі, инфрақұрылым, жер саласына қатысты және өзге де мәселелерді қозғады. Тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Кездесуден кейін Нұралхан Көшеров сарыағаштықтар үшін жеке қабылдау өткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бақылауға алынды.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі