Облыс әкімінің төрағалығымен Бәйдібек ауданын дамыту жолдары айқындалды

дамыту жолдары

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен аудан, қалалардың даму жоспарын талқылап, бекіту жұмыстары жалғасуда. Бүгін Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов ауданның 2025-2030 жылдарға арналған «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштерін баяндады.

Даму тұжырымдамаларына қатысты экономика, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салаларын дамытып, жұмыспен қамту үшін тиісті басқарма басшыларының ұсыныстары қаралды.

Облыс әкімі аймақты дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Бәйдібек ауданының потенциалы толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Зауыт, фабрикалар ашуға күш салуды, туризмді дамытып, тұралап қалған өндіріс орындарын қайта жандандыруды тапсырды. Дархан Сатыбалды аудан, ауылдарды дамытуда маман тапшылығының шешуді тапсырды.

Инвестициялық жобалаларды жүзеге асыруда кадр тапшылығы мәселесінің орын алатынын айтқан өңір әкімі ауылдарға мықты кадрларды тарту керектігін айтты.

– Ауданды дамытуда барлық мүмкіндіктерді пайдалану керек. Бәйдібек ауданында да жұмыстарды ширату керек. Жаңа жобалар әлі де жеткіліксіз. Жүргізіліп жатқан жұмыстар тиісті деңгейде емес. Қолынан іс келетін, ауылдан шыққан қабілеті бар азаматтарды іздеп, жұмысқа тарту керек. Инженерлер, техникалық мамандар қажет. Ауданның дамуына тың серпін беретін жобалар керек. Ол үшін әкім ішкі және сыртқы инвестициларды тартуда үздіксіз жұмыс істегені жөн. Табиғаты қолайлы аймақта әлі күнге туристерді тартатын жобалар жеткіліксіз. Осы бағытта жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімінің баяндауынша, Бәйдібек ауданының 3 бағыт бойынша дамытуды жоспарланған. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын, шағын және орта кәсіпкерлік пен туризмді дамытуға басымдық берілмек. 9 айдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнімнің көлемі 42,3 млрд. теңгені құраған.

Түркістан облысы бойынша игерілетін 869,7 мың гектар егістік алқаптың ең үлкен үлесі 105,7 мың гектары, яғни 12,1 пайызы Бәйдібек ауданына тиесілі. Жер аумағы кең. Жылқы мен уақ мал өсіруге қолайлы және тарихи-танымдық туризм кластері мен эко туризмді дамытуға қолайлы аймақ.

2024 жылы ауданға 29,4 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Ауданда мал шаруашылығы, құс және балық шаруашылығын дамытуда жаңа жобалар қолға алынбақ. Биыл 745 гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 2028 жылға дейін жалпы құны 1,8 млрд. теңгеге құрайтын 6 жоба іске асырылып, 1511 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарлануда.

Баламалы электр көздерін арттыру бойынша 2030 жылға дейін 4 жоба іске асырылмақ.