Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров соңғы айларда өңірдің экономикалық дамуын жеделдету мақсатында бірқатар инвесторлармен кездесулер өткізді. Бұл кездесулер отандық және шетелдік бизнес өкілдерімен стратегиялық ынтымақтастық орнатуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, сондай-ақ өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Resource Іnvest» компаниясының өкілдерімен кездесті. Кездесуде әріптестік орнату, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
– Түркістан облысында инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Мақсатымыз – өндіріс орындарын көбейтіп, халықты жұмыспен қамту. Ұсыныстарыңыз зерделеніп, тиісті шешім қабылданады, – деді Нұралхан Көшеров.
«Resource Іnvest» компаниясының өкілдері Евгений Клюев пен Яшар Латыев, сонымен бірге, осы компанияда қызмет ететін италиялық кәсіпкер Вессио Раффаэле металл кластерін дамыту жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Жобаны Түлкібас ауданында жүзеге асыру көзделген. Металлургия зауытын ашу жобасын 2024-2032 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланған. Жылына 403,2 тыс. тонна өнім шығару межеленген кәсіпорында 400 жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Облыс әкімі жоба нақтыланған соң Жол картасын әзірлеу керек екенін айтты. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.
Сондай ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Өзбекстаннан келген инвесторлармен кездесті. «U-UMAX Group» компаниясының өкілдері Түркістан облысымен әріптестік және іскерлік байланыс орнатуға ниетті екендерін жеткізді. Өңір басшысы Түркістан облысында қолайлы инвестициялық климат қалыптасқанын жеткізді.
– Өзбекстан – көршілес мемлекет қана емес, бауырлас ел. Орталық Азиядағы экономикасы дамып келе жатқан қос мемлекет арасында байланыс өте жоғары деңгейде. Түркістан облысында кәсіпкерлікті, өндірісті, туризмді, ауыл шаруашылығын дамытуға басымдық берілген. Ұсыныстарды қарастыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Өзбекстандық кәсіпкерлер құрылыс, жол, теміржол және өзге де салалар бойынша жобаларды қарастыратындарын жеткізді. Әріптестікті, байланысты нығайту жолдары талқыланып, келіссөздер жүргізілді.
Айта кетейік, облыс көлемінде инфрақұрылым желілерімен қамтылған 19 индустриалды аймақ, шағын өндірістік парк, 5 өндірістік субзоналары бар арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл аймақтарда 52 кәсіпорын жұмыс істейді. Қазіргі уақытта қосымша 195,4 млрд. теңгеге 57 жобаға қажетті құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы бүгінгі таңда инвесторлар үшін ашық әрі қолайлы өңір ретінде танылып келеді. Облыс әкімінің белсенді іс-қимылы мен жүйелі келіссөздері өңірдің даму қарқынын арттырып, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашпақ.