Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде құрылысы 2020 жылы басталған екі қабатты, 12 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді. Тұрғындардың қуанышына ортақтасқан аудан әкімі Нұрбек Бадырақов баспана иелеріне салатанатты түрде кілттерін табыстап, құттықтауын жеткізді.
«Бұл үйде екі бөлмелі бес пәтер, 1 бөлмелі жеті пәтер бар. Олар шын мұқтаж азаматтарға беріліп отыр. Жалпы, мемлекет баспанаға мұқтаж адамдарға көмек беруді тоқтатқан емес. Мемлекет бар, кәсіпкерлер бар, бірлесіп баспана салу жұмыстары жүргізілетін болады. Алдымызда бұл бағытта қыруар жұмыстар жасалынады. Баспана алған отбасыларды, азаматтарды шын жүректен құттықтаймын. Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!», — деді аудан басшысы. Айта кету керек, аталған баспаналар көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан осал тобындағы отбасыларға және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастарға беріліп отыр. Қазіргі таңда аудандық тұрғын үй кезегінде «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша – 772, «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша – 526 азамат кезекте тұр. Берілген 9 пәтер аталған азаматтардың санына пропорционалды түрде бөлініп беріліп отыр. Ал, 3 пәтер (жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар) ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабы, 4-тармағына сәйкес үлестірілді. «Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары» санаты бойынша – 772, «Көпбалалы отбасылар» санаты бойынша – 526 азамат кезекте тұр.
Ntime.kz