Таза ауыз су – адам өмірі мен денсаулығының негізгі кепілі. Сондықтан тұрғындарды ауыз сумен үздіксіз және сапалы қамтамасыз ету – мемлекет пен жергілікті атқарушы органдардың маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан бөлінген қаржы есебінен ауыз су нысандарының құрылысы жүргізіліп, ескірген су құбырлары кезең-кезеңімен жаңартылды. Бұдан бөлек, шалғай елді мекендерге жаңа су жүйелері тартылып, бұрын ауыз суды тасымалдап пайдаланған ауылдар орталық желіге қосылды. Жобаларды іске асыру барысында заманауи технологиялар қолданылып, су сапасы санитарлық талаптарға толық сәйкестендірілді.
Ордабасы ауданында ауыз сумен қамту мәселесі толықтай шешімін тапты. Бүгінде аудан аумағындағы барлық елді мекендер орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылып, тұрғындар 100 пайыз таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Бұл – ауданның әлеуметтік-инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Өткен жылы аудандағы 57 елді мекеннің 54-і орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген болатын. Бұл жалпы қамту деңгейінің 94,7 пайызы болатын. Ауыз су мәселесін толық шешу және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында биыл Мәдениет, Ынтымақ және Жұлдыз елді мекендерінде күрделі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, барлық елді мекендер толық ауыз сумен қамтылды.
Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты және сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін аудан бойынша бірқатар елді мекендерде ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Атап айтсақ, Ақбұлақ, Қайнар, Ұялыжар, Ықыластемір, Теспе, Жамбыл, Бірлік, Бөген, Жеңіс, Қызылжар және Көктөбе ауылдарында су құбырлары жөнделіп жатыр. Бұл жұмыстар тұрғындарға үздіксіз және қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, аудандық бюджет есебінен Төрткүл, Көкарал, Бадам, Шұбар, Бөген және Қарақұм елді мекендерінің ауыз су жүйелерін қайта құруға арналған жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалған. Құжаттар құрылыс жұмыстарын бастау үшін қажетті қаржыны қарастыру мақсатында уәкілетті органдарға ұсынылған. Жалпы, Ордабасы ауданында ауыз су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға маңызды үлес қосуда.
Ауыз сумен қамту деңгейінің 100 пайызға жетуі аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай арттырды. Таза суға қолжетімділіктің артуы халық денсаулығын жақсартуға, тұрмыстық жағдайды жеңілдетуге және әлеуметтік әл-ауқатты көтеруге оң әсерін тигізуде.
Алдағы уақытта аудан басшылығы ауыз су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, техникалық қызмет көрсету және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде Ордабасы ауданының тұрақты дамуына және тұрғындардың өмір сүру сапасының одан әрі жақсаруына негіз болмақ.
