KazAID Орталық Азиядан келген студенттерге арналған Астана медицина университетімен (АМУ) серіктестікте «Авиценна: Денсаулық сақтау» бағдарламасын іске асырады. Бұл жоба академиялық ұтқырлықты қолдауға және Орталық Азиядағы медициналық білім беру саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Бағдарламаның мақсаты — үлгерімі жоғары Қырғызстан мен Тәжікстанның медициналық оқу орындарының студенттерін қолдау.
Бағдарлама ағымдағы жылдың 12 сәуірі мен 2 мамыры аралығында Орталық Азиядан келген 17 студентке арналған медициналық білім берудің әртүрлі аспектілерін қамтитын АМУ академиялық ұтқырлық жоспарына сәйкес екі апталық оқыту курстарын, сондай-ақ Астананың көрікті жерлерімен танысуға арналған мәдени бағдарламаны қамтиды.
Бағдарлама бойынша оқыту қатысушыларға KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің грантының арқасында өтеусіз негізде беріледі.
Бұл бастама Қазақстанның академиялық байланыстарды нығайтуға және Орталық Азиядағы денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарды қолдауға деген ұмтылысын көрсетеді.
ҚР СІМ «KazAID» Қазақстандық халықаралық даму агенттігінің Баспасөз қызметі