Отбасын жоспарлау- саналы шешім

Отбасын жоспарлау

Шымкентте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен өтіп жатқан Репродуктивті денсаулық апталығы жалғасуда. «Отбасы – шағын мемлекет. Ал шаңырақ көтерсеңіз, мемлекетіңіздегі бала санын қашан көбейтетініңіз туралы алдын ала жоспарлау керексіз. Отбасын жоспарлау – бұл кейбір жеке адамдар мен ерлі-зайыптылардың қалаулы емес жүктіліктен сақтануына, дүниеге келетін сәбилердің уақыты мен санын реттеуде еркін және жауапты шешім қабылдап, осы таңдауды қадағалауға арналған шаралар жиынтығы. Басқаша айтқанда, отбасын жоспарлау – баланы кездейсоқ емес, жоспарлы түрде өмірге әкелу деген сөз», дейді жауаптылар. 

Ашық есік күні Шымкент қалалық перинаталдық орталықта отбасын жоспарлау тақырыбында өтті. Таңғы сағат 9.00-ден басталып, 16.00-ге дейін өткен іс-шараға келушілердің қарасы аз болған жоқ.

Репродуктивті денсаулық апталығы жасөспірімдердің репродуктивті денсаулығының маңыздылығы, жоспарланбаған жүктілікті және жыныстық жолмен берілетін инфекцияларды болдырмау, жатыр мойны қатерлі ісігін тудыратын адам папиллома вирусының алдын алу қажеттілігі сияқты тақырыптарда кеңес береді. Бүгінгі Ашық есік күніне қаладағы емханалардағы Жастар денсаулық орталығының уролог, гинеколог, психолог дәрігерлері жастарға, қыз-келіншектерге медициналық-психологиялық кеңес берді. Олардың ішінде Шымкент қалалық №6 емхана дәрігерлері тұрғындарға кеңес беріп, медициналық тексеріс жасап, сауалдарына жауап берді. Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың репродуктолог-дәрігері Утемисова Ақмарал Нұржанқызы.

Гинеколог Жанықұлова Гүлбану Мұхтарқызы отбасын жоспарлау бойынша, әйелдердегі кездесетін аурулардың алдын алу, дені сау баланы өмірге әкелу, репродкутивті денсаулық бойынша әңгіме жүргізіп, Ашық есік күніне қатысушыларды мазалаған сұрақтарына жауап беріп, қабылдау жүргізді. Отбасын жоспарлаудың негізгі мақсаты – ана мен нәрестенің денсаулығын қорғау және жалпы халықтың денсаулығын жақсарту болып саналады. Жүктілік ана организміне түсетін үлкен салмақ болғандықтан, жүктілікке алдын-ала дайындалған дұрыс. Егер әйелде қандайда бір созылмалы ауру болған жағдайда емдеп, гинекологқа қаралып жыныс жолымен берілетін инфекцияларға анализ тапсырған дұрыс. Болашақ аналарға арналған дәрумендерді қабылдауды ұсынуы және ішу себебін түсіндіріп айтуы мүмкін. Болашақ ана зиянды әдеттерден бас тартқаны жөн. Сонымен қатар, жоғардағы айтылғаны ғана емес, жалпы адамның физикалық және ой жүйесі мен әлеуметтік жағдайының да сау болуы маңызды.  Айта кетейік, репродуктивті денсаулық апталығы 30 маусымға дейін жалғасады.