Ақпан айының 14-і мен 23-і күндері аралығында республика көлемінде «Жолдағы балалардың қауіпсіздігі – қоғамның қамы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл шараға Түркістан облысының полицейлері де ат салысып, түрлі шаралар ұйымдастыруда. Мәселен, Отырар АПБ қызметкерлері аудандағы білім беру мекемелеріндегі оқушылар мен балабақшалардағы бүлдіршіндерге жолда жүру ережелерін түсіндіруде. Іс-шараның 3 күнінің өзінде 10 мектеп пен 2 балабақша қамтылған. Яғни мұнда полицейлер, жол белгілерін таныстырып, түрлі көрнекілік құралдарын пайдалану арқылы жұмыс жасауда. Жол ережесін сақтау жөніндегі бейнежазбалар көрсету арқылы да балаларға ұғындырылуда. Сондай-ақ жолдарда жаяу жүргіншілер жолағы мен басқа да тиісті белгілерді қайта жаңартуға ұсыныстар беруде. Өздеріңізге белгілі, бүгінде жас балалардың қатысуымен болатын жол апаттары жиі кездесіп жатыр. Бұндай жағдай көптеген балалардың жолда жүру ережесін білмеуінен және жүргізушілердің шектен тыс жылдамдықты арттырғанынан болады. Жас балалар көбіне ережені бұзып, асығыстық жасап, жолдан жүгіріп өтуге ұмтылады. Соңы орны толмас өкінішке ұласады. Осындай оқиғаларды болдырмау үшін мектепте мұғалім, үйде ата — ана балаға үнемі жолда жүру ережесін ескертіп отыруы қажет. Әдетте, біздің әрқайсымыз баламызды мектепке шығарып салып, дүкенге жұмсарда тек «жолдан жүгіріп өтуші болма, көлік қағып кетеді» деген ескертуден аса алмайды. Бұл — әрине, жеткіліксіз.Осыған байланысты полицейлер, жол белгілерін көрсете отырып, мүмкіндігінше түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Өз кезегінде облыс полицейлері, тұрғындарға жолда жүру ережесін сақтауда балаларыңызға үлгі болыңыздар деп ескертеді. Өзіңіз жол қозғалысы ережесін сақтап жүрсеңіз, оны көрген балаңызда сіздің ізіңізбен жүретін болады. Сондықтан бала өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамайық!
ТО ПД баспасөз қызметі