Оқушылар құқықтық тәрбие сағаттарына қатысуда

         Шымкенттік оқушылар құқықтық сауатын арттыруда. Тәрбие жұмысының жылдық жоспарына сәйкес  Ы. Алтынсарин Атындағы Мектеп-гимназияда  «Құқықтық сауаттылық» декадасы аясында тарих кафедрасының ұйымдастыруымен «Бала бол, басқа бол – бәріне заң біреу — ақ» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараға 10 — сынып оқушылары қатысты.

Іс шараның мақсаты — оқушыларға құқықтық білім беру, құқықтық тәрбие беру арқылы жастардың бойына заңға деген құрметін арттыру, ҚР Конституциясында көрсетілген Заңдарды құрметтейтін, құқықтар мен міндеттерін орындайтын, шыншыл, әділетті де парасатты тұлғаны қалыптастыру; оқушылардың ойлау, тыңдау, сөйлеу мәдениетін дамыту, қабілеттерін шыңдау.  Кездесудің арнайы қонағы: Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің “Құқықтану” кафедрасының аға оқытушысы Ешаев Нұрлан Давлетбаевич оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыра отырып, өз құқықтары мен міндеттерін жете түсінуге, өмірде құқықтық білімін дұрыс қолдануға, сонымен қатар өз тәжірибесімен бөлісе отырып, кәсіби бағыт-бағдар берді. Кәсіби маманға оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Кездесу барысында оқушылар өздерінің неге құқылы екендіктерін және оларды кімдер, қалай қорғайтынын білді. Оқушылар бүгінгі кездесуден мол пайдалы ақпарат алды.

Аталмыш бағыттағы тәрбиелік жиын Шымкент қалалық білім басқармасына қарасты №26 Жамбыл атындағы мектеп– гимназиясында жалғасты.  Тәрбие орынбасарларының жоспарына сәйкес оқушыларға заң білімі саласынан мағлұмат беруге, өз құқықтарын жете біліп оны өмірде қолдана білуге, құқықтық білімдерін толықтыру мақсатында арнайы мамандармен кездесу ұйымдастырылды. «Құқықтық сауаттылық» декадасы аясында ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы Абай аудандық сотының мамандары шақыртылып жоғарғы сынып оқушыларымен кездесу өткізілді.

Кездесу барысында Абай аудандық сотының судьясы Э.К.Калымбетова, Абай аудандық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Ш.Ә.Игенов оқушыларға «Құқықтық сана-қоғамға пана» тақырыбында баяндама жасап бейнероликтер көрсетті. Баяндама жасау барысында кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтың әдетте қылмыстың ең көп түрі алдау, бопсалау, ұрлық бойынша қаралып жатқандығын айтып өтті. Әдетте кәмелетке толмағандар мұндай қылмыстарға заңды білмегендіктен, жалпы құқықтық сауатылықтың жоқтығынан баратынын алға тартты. Жиынды қортындылай келе оқушылар тарапынан сауалдар қойылып, тұжырымды жауаптар берілді.

Ntime.kz