Бүгін Арыс қаласындағы «Ардагерлер орталығында» «Nur Otan» партиясының қалалық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының кезекті отырысы өтті. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың қатысуымен өткен жиынға қалалық мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев, «Парасат» пікірталас клубының мүшелері, қаламыздың ардагерлері, әкімдер мен бөлім басшылары, қоғамдық ұйымдардың басшылары, орта буын өкілдері мен жастар, журналистер мен белсенді блогерлер қатысты. Жиынды «Nur Otan» партиясы Арыс қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бақтығали Ділдәбеков ашып, жүргізіп отырды. Басқосу мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында ел ішінде қордаланған өзекті мәселелерді бірге талқылап, шешу жолдарын қарастыруда азаматтық қоғамды белсенді қатыстыру, пікірталас мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды. Клуб отырысының күн тәртібінде «Парасат» пікірталас клубының дербес құрамын келісу мен ауылдық округтер мен елді мекендердегі «Ардагерлер ұйымы» мүшелерінің рөлі мен маңызы туралы мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, «Парасат» пікірталас клубының келесі отырысының төрағасын бекіту және мерзімін келісу жайы да қаралды. Отырыста қала әкімі Гүлжан Мамытқызы Арыс қаласын көркейту-көгалдандыру, балалар ойын алаңшалары, жаңа мектеп құрылысы секілді өзекті мәселелерді клуб мүшелерімен бірге талқыға салды. — Биыл Арыс қаласы мен қала аумағында егілетін ағаштардың санын 100 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Оның ішінде қаладан шыға берістегі «Арыс – Шардара» тас жолының бойына 6 мың түп ағаш егіледі. Тағы бір айта кетерлігі, осы күндері көгалдандыру жұмысына қала тұрғындары мен бірқатар мекеме, ұжымдарды жұмылдыру жұмыстары ұйымдастырылуда. Олай болса, қадірлі жиынға қатысушылар! Біздің болашағымыз дейтін балаларымызды табиғатты аялап ұстауға бейімдеп, жақсы тәрбиелеу үшін алдымен өзіміз үлгі-өнеге көрсетуіміз керек. Сондықтан да, тұтас ел, жаппай қоғам болып, көктемнің әрбір күнін сәтті пайдалану үшін ағаш отырғызып, Арысымызды көгалдандыруға атсалысуға шақырамын, – деді Гүлжан Мамытқызы. Басқосуда қоғам белсенділері мен ардагерлер және қоғамдық ұйым өкілдері тарапынан жарық, газ, қала тазалығы сынды мәселелер көтерілді. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова тұрғындар сұрақтарына жауап берді. Арыстың көркеюі мен дамуына жанашырлық танытып жүрген жандарға алғысын білдіріп, жиын бойынша хаттама түзіліп, көтерілген мәселерді шешу жолында нақты жұмыс жоспары жасалынатынын жеткізді.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі