Педофилдерді электронды білезік арқылы бақылауға болады

Түркістан облысы мен Шымкент қаласында пробациялық бақылауға алынған 91 азаматқа электронды білезік тағылады. Электронды құрылғы бірінші кезекте педофилдерге тағылды. Енді осы білезіктер арқылы сотталғандарды бақылап отыруға болады, яғни олардың қайта қылмыс жасауына жол берілмейді. Егер сотты болған азамат тәртіп бұзса немесе білезікті өздігінен шешуге тырысқан жағдайда дабыл белгісі қосылады.

Электронды білезік тағылғандардың екеуі Төлеби ауданының тұрғыны. Олардың бірі — кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімге жыныстық қол сұғушылыққа қарсы баптарда көзделген қылмыс жасаған көрінеді. Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, пробациялық бақылауға алынған азаматтың бірі — 16 жастағы қызды алып қашқаны.

Сонымен қатар, бұл тізімге пробациялық бақылауда тұрғанына қарамастан, көп ескерту алғандар мен тәртіпке бағынбағандар енгізіледі. Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүргендер ұсталған жағдайда, оларға да осы білезіктер тағылмақ. Мәселен, Шымкентке пилоттық үлгідегі құралдың 49 түрі әкелініп, 4 ауданға бөлінген. Ал, Түркістан облысына қарасты 16 пробация бөлімшесіне 42 электронды білезік берілген. Бұл электронды білезіктер сотталғандарды бақылауға септігін тигізеді.

Бұған дейін Нұр-Сұлтанда да 20-ға жуық есептегі сотталғанға электронды білезік тағылған болатын.

Білезіктің корпусын рұқсатсыз алу және ашу бақы­лаудың кіріктірілген жүйесі бар глонасс GPS жаһандық новигациялық спутниктік жүйесінің сигналдары бойынша аны­қ­талады екен. Ол бойынша есепте тұрған адамдардың денесінде алып жүруге арнал­ған арнайы электрондық құрылғы қада­ғалауға мүмкіндік береді. Білезікті жеткізу жиынтығына белдік, білезіктің бекітуге арналған клипстері, қуаттау құрылғысы кіреді. Білезік арқылы бақылау жүйесін құқық қорғау қызметкерлерінің қолындағы қолданыстағы бақылаушы құрылғыларға байланыстыру жұмыстары жеделдетілуде. Планшеттер қызметкер жұмыс орнында болмаса да, браузерлері бар кез келген құ­рылғыға сигнал келе береді. Бұл өз кезегінде бостандықта жүрген педофилдердің артық әрекетке баруын қадағалауға мүмкіндік бермек.

Осы күні баласының амандығын ой­лайтын ата-ана күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Өйткені күн сайын бүл­діршіндердің болашағына балта шап­қандардың азғындық әрекеттері туралы жаға ұстататын сұмдық оқиғаларды еститін болдық. «Өгей өгейлігін істейтініне» құлақ үйренген болса, өкінішке қарай, туған әкесінен азғындық көргендердің саны да артып келеді. Тіпті, ата сақалы аузына түсіп, Пайғамбар жасына жеткендердің де жиіркенішті тірліктеріне тоқтау салу қиын болып барады. Ал, электронды бұл құрылғы олардың әккі әрекеттерінің алдын алады деп күтілуде.

Ntime.kz