Полицейлер дағдарыс орталығындағы әйелдерге құқықтық кеңес беруде

Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері болып табылады. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет құру процесінде құқықтық тәрбие мәселелері үлкен маңызға ие. Азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру, азаматтар бойындағы Заңға құрмет сезімін ояту мәселелері  барлық  мемлекеттік органдардың стратегиялық бағыттарының бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда мемлекет жүргізіліп жатқан құқықтық түсіндіру жұмыстарына, сондай-ақ оны жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін нормативтік-құқықтық актілерге ерекше назар аударады. Осыған байланысты, конституциялық, азаматтық және өзге де адам және азаматтық құқықтардың іске асырылуын қамтамасыз ету, халықтың құқықтық сауаттылығы мен құқықтық мәдениетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан облыстарының барлық аймақтарында  түрлі семинарлар жүргізіліп келеді.

Шымкентте қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы республикалық акция қарқынды жалғасып жатыр.

Тәртіп сақшылары Ана мен балаға арналған «Сана Сезім» дағдарыс орталығына арнайы барып, ондағы әйелдердің мәселесін тыңдады. Жалғызбасты аналарға құқықтық кеңес беріп, психологиялық тұрғыдан демеу көрсетті. Қазіргі таңда аталған орталықтағы әйелдерге балаларымен қоса түрлі көмектер көрсетілуде.

Кезекті іс-шарада Әл-Фараби АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Ақмарал Төреханқызы қызметтегі және үй шаруасындағы әйелдерге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, отбасындағы келеңсіздіктен зардап шеккен әйелдерді де назардан тыс қалдырмай, олармен жекелей кездесіп, тиісінше заңға сай кеңес берді.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.

Ntime.kz