Полицейлер дағдарыс орталығындағы әйелдерге құқықтық кеңес беруде

«Заң үстемдігі орнықпаса, азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында әділетті мемлекет құрудың алғышарты осындай жолмен айшықталған еді. Құқықтық мемлекетті қалыптастыру халықтың құқықтық мәдениетін дамыту процесімен тығыз байланысты. Құқықтық мәдениетті арттыру, халықтың құқықтық санасын дамыту – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық тұрғыдан сауатты мемлекет құруға ықпал ететін азаматтық қоғамды қалыптастырудың маңызды өлшемдері. Бүгінгі таңда жүргізіліп жатқан реформалардың маңызды бағыттарының бірі құқықтық нигилизмге қарсы күрес, құқықтық мәдениетті арттыру, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру болып табылады. Құқықтық сауаттылықты арттыруда құқықтық тәрбиенің маңызы зор.

 Шымкентте қыз-келіншектердің құқықтық сауатын арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатындағы республикалық акция қарқынды жалғасып жатыр.

Тәртіп сақшылары ана мен балаға арналған №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы коммуналды мемлекеттік мекемесіне арнайы барып, ондағы әйелдердің мәселесін тыңдады. Жалғызбасты аналарға құқықтық кеңес беріп, психологиялық тұрғыдан демеу көрсетті. Қазіргі таңда аталған орталықтағы әйелдерге балаларымен қоса түрлі көмектер көрсетілуде.

Кезекті іс-шарада Әл-Фараби АПБ Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция майоры Ақмарал Төреханқызы қызметтегі және үй шаруасындағы әйелдерге жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, отбасындағы келеңсіздіктен зардап шеккен әйелдерді де назардан тыс қалдырмай, олармен жекелей кездесіп, тиісінше заңға сай кеңес берді.

Осы ретте, тәртіп сақшылары тұрғындарға жақын туысыңыз немесе өзіңіз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған жағдайда, мемлекет тарапынан бірқатар маңызды көмек түрін тегін ала алатыныңызды еске салады.