Бүгін Шымкент қаласының Полиция департаментінде ағымдағы жылдың өткен мерзімінде интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша жұмыс тобымен атқарылған жұмыстардың нәтижесін және тергеу барысында туындаған мәселерді талқылау мақсатында жиын өтті.Департамент бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков төрағалық еткен жиынға Шымкент қаласының прокуроры Ғабит Мұқанов, прокуратура қызметкерлері, департаменттің Тергеу басқармасы, Криминалдық полиция басқармасы және аудандық полиция басқармаларының тергеушілері мен жедел уәкілдері қатысты. Басқосуда өзекті мәселелердің бірі – алаяқтық қылмыстарымен күресу бойынша жұмыстардың барысы талқыланып, аталған тақырыпта баяндамалар оқылып, ұсыныстар мен ой-пікірлер тыңдалды. Осы орайда айта кетсек, 2022 жылдың басынан бері мегаполисте тіркелген алаяқтық қылмыстарының саны былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 22,3%-ға төмендеген. Ағымдағы жылы тіркелген интернет-алаяқтық қылмыстары бойынша тергеп-тексеру амалдарын арнайы жедел-тергеу тобы жүргізуде. Бұл қылмыс туралы түскен арыздар бойынша аудандық полиция басқармаларының тергеушілері жәбірленушілерден жауап алу және айғақты заттарды тәркілеу сынды тергеу әрекеттерін жүргізіп, тергеу реттілігімен арнайы топтың қызметкерлеріне жолдайды. Топтың тергеушілері аталған істерді өз өндірісіне қабылдап, өз уақытында күдіктіні анықтауға шара көруді, шұғыл түрде тиісті санкциялар алып, құзыретті органдар мен мекемелерге сұраныс хаттар жолдау арқылы тергеу әрекеттерін ұйымдастырады. «Интернет-алаяқтық қазіргі қоғамның ең өзекті әрі маңызды мәселесіне айналды. Ғаламтордың мүмкіндігін қылмыстық іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін оңтайлы пайдаланып жүрген алаяқтардың саны күн сайын артуда. Әлеуметтік желілерде азаматтарды алдау арқылы ақша табудың ең жиі кездесетін түрлері: интернет-сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу. Бұл құқық бұзушылықтарды болдырмау және олардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен ұдайы түрде іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізілуде. Осыған байланысты, тұрғындарды интернет-алаяқтардан сақ болудың қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға, яғни дербес деректерді, пластикалық карталардың мәліметтерін, кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламауға, белгісіз әрі тексерілмеген сайттар арқылы алдын ала төлем жүргізбеуге, күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырамын», — деді қаланың бас полицейі Қайрат Сұлтанбайұлы.
Шымкент қаласының Полиция департаменті