Ордабасылық Нұрсұлтан Тәжібаевты жерлестері «тәжірибелі тәртіп сақшысы» деп таниды. Халыққа қызмет ету жолында алғыс арқалаған полиция капитанының жұмысын жоғары бағалайды. Тәулік талғамай жұмыс істейтін өзі де әрдайым халықтың қасынан табылуға әзір.Нұрсұлтан Көпбосынұлы 1991 жылы Ордабасы ауданына қарасты Қызылжар ауылында дүниеге келген. Жергілікті жердегі орта мектепті бітірген соң, Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Заңгер» мамандығына оқуға түскен. Кейін ҚР ІІМ қарасты Алматы академиясын бітіріп шықты. Ал, еңбек жолын 2017 жылы Ордабасы АПБ анықтаушы болып бастады. Тәжірибелі тәртіп сақшыларының жанында жүріп, біліктілігін арттырды. Курстарға қатысып білімін жетілдірді. Жас маман жергілікті жердегі жұмыстарды толығымен меңгеріп, жеке құрамға сіңісіп кетті. Көптеген қылмыстық істер бойынша анықтау жұмыстарын жүрігізді. Нәтижесінде кінәлілер табылып, соттың шешімімен жазаға кесілді.— Аудан аумағында жол көлік оқиғасы көп. Одан кейін ұрлық қылмыстары орын алып жатады. Барлығына анықтау жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Осыдан бір жыл бұрын алимент төлеуден жалтарып жүрген жігітті анықтадық. Ол жұмыс істеп, қаржы тауып жүрсе де баласы үшін берешегін бермеген. Қасындағы бірге қызмет еткен замандастарынан түсінік алып, кінәсін толық мойындаттық. Одан алдын жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кеткен жүргізушіні де анықтадық – дейді полиция капитаны. Нұрсұлтан Көпбосынұлы жастайынан полиция қызметкері болуды армандаған. Форма киіп, шен таққан нағашыларына қатты қызыққан бозбала «Өскенде менде полицей боламын» деп мақсат қойды. Содан көп ізденді. Тәртіп сақшылары туралы фильмдерді көріп, кітаптарды оқыды. Спортпен шұғылданды. Қазір бала күнгі арманының орындалғанына өзі де дән риза.— Бала күнімізде полиция болып ойын ойнайтынбыз. Қазір сол күндердің барлығы шындыққа айналды. Мен өз мамандығымды мақтан тұтамын — дейді ол.Жалпы анықтаушы қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық екендігі анық. Себебі, әрбір істің соңында адам тағдыры тұрады. Сондықтан Нұрсұлтанның әр күні ғана емес, әр сағаты қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады.— Бос уақыт көп бола бермейді. Ал, кішкене қолымыз босай қалса спортзалға асығамыз. Футбол ойнап, жаттығу жасаймыз. Одан кейін отбасыммен қыдырамын. Үйдегі ұлыма асығамын – дейді Нұрсұлтан Тәжібаев.