Елдің ертеңі – жастар. Бұл орайда Президенттік жастар кадрлық резерві турасында аудан әкімдігінде жастардың қатысуымен мәжіліс болып өтті.
Жиналысқа ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Өркен Балажанов төрағалық етіп, кадр резервін анықтаудың маңызына тоқталып, мақсаты мен міндетін атап көрсетті. Сондай-ақ жиынға аудан әкімі Арман Сәбитов және әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Амангелді Қалыбек қатысты.
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиын сұрақ-жауап форматында өтті. Жиынға қатысқан ауданның белсенді жастары резервке өтінімдерді қалай қабылдау керектігі және олар қандай мүмкіндіктер беретіні туралы сұрақтарға жауап алды.
Іс-шарада сөз сөйлеген аудан әкімі Арман Сәбитов Президент әкімшілігіндегі жұмысы кезінде 2019-2020 жылдары резервке енген 300 жас мемлекеттік басқару жүйесіндегі жауапты қызметтерге тағайындалғанын атап өтті. Оның сөзінше іріктеуден өткен жастар квазимемлекеттік секторда да басшылық лауазымдарға дейін көтерілгендігін айтты. Ауданның потенциалы өте жоғары, біздің ауданда 233 мыңнан астам халық тұрады. Оның 32 пайызы жастар.Сондықтан біздің жастар осы мүмкіндікті ұтымды пайдалану қажеттігін білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне тіркелу биылғы қыркүйек айында басталды. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, қазақ тілін меңгерген (В1 деңгейінен төмен емес) Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады. Іріктеу қорытындысы бойынша 50 кандидат резервке алынады. Жеңімпаздар ағымдағы жылғы желтоқсанда жарияланады.