Мерзімінен бұрын өткелі отырған сайлаудың ерекшелегін де Президенттің өзі «билікті монополизациялаудың алдын алу» екенін айтып, түсіндірді. 2022 жылдың маусым айында Конституцияға өзгерістер енгізіліп, бірінші Президент туралы баптар күшін жойды. Тоқаевтың бастамасымен Президент өкілеті жеті жылға дейін ұзарып, Мемлекет басшысы тек бір-ақ мерзімге сайланатын болды. Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына және бұл өзгерістердің қоғамда туындап отырған көптеген сұрақтарға жауап беретініне сенемін.
Қазіргі таңда «жаһан қоғамы», қала берді кез келген транснационал одақтар мен қозғалыстар әрбір ұлт — мемлекеттің ішкі ережесі мен тәртібіне бағынады. Олай болса мемлекет қаншалықты тұрақты әрі бейбіт өмір сүрсе демократиялық институттары мен саяси мәдениеті де соншалықты эволюциялық жолмен дамымақ. Сондықтан да елдің болашағы үшін мемлекетіміздің тұрақты түрде дамуына, тұрақтылықтың орнауына мұқтажбыз. Бұл «тұрақты болу», «тұрақтылық» деген ұғым мен практикаларды қаншалықты сынға алсақ та, дәл сол тұрақтылыққа мұқтажбыз.
Елімізде Қаңтар оқиғасынан кейін пайда болған Жаңа әрі әділетті Қазақстан риторикасы маңызды трансформацияларға бастау болып отыр. Бұл өзгерістер кейде баяу, кейде жылдам, кейде ойлағанымыздай болып жатыр. Бұл өзгерістерді еліміздің жаңадан даму жолының бастамасы деп бағалаймын.
Биыл ел тұрғындарын маңызы жоғары саяси науқан күтіп тұр. Яғни, 20 қарашада кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Сайлауда әрбір азаматтың дауысы маңызды рөл атқарады. Сондықтан отандастарымыз бұл сайлауға бейжай қарамай, белсене атсалысуы керек.
Мемлекет басшысы сайлау науқаны қатаң түрде заңға сәйкес өтетініне кепілдік беретінін айтты. Бұл сайлау ел экономикасын қарқынды дамытуды, халықтың әл-ауқатын арттыруды көздейтін міндеттерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген сенімдемін.
Жанар ТЕМІРБЕКОВА,
Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры