Шымкент қаласында алғаш рет заманауи дрондар инфрақұрылымы іске қосылып, қаланы басқару жүйесін жаңа деңгейге көтеру бастамасы қолға алынды. Бұл жұмыс Шымкент қаласы әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңі болып табылады. «Smart Shymkent» жобасы аясында жүзеге асқан бастама мегаполистегі стратегиялық нысандарды бақылауды күшейтіп, күнделікті туындайтын мәселелерді жедел шешуге бағытталған.
Жоба аясында қала аумағындағы маңызды аймақтарды қадағалау үшін 5 дроннан тұратын біріңғай инфрақұрылым пилоттық режимде жұмысын бастады. Әр дрон арнайы бағдарламалық жасақтамамен жабдықталып, нақты уақыт режимінде жоғары сапалы бейнематериал жіберуге қабілетті. Бұл ақпараттар дер кезінде талданып, тиісті қызметтердің жылдам әрекет етуіне жағдай жасайды.
«Ақылды қала» тұжырымдамасына сәйкес енгізілген дрондар жүйесі қаланың даму қарқынына сәйкес қауіпсіздік пен басқару сапасын арттыруға үлес қосады. Жоба мамандардың жұмысын оңтайландырып, проблемаларды анықтау, бақылау және шешу уақытын айтарлықтай қысқартады.
Дрондардың негізгі артықшылықтары:
– Заңсыз құрылыс пен жер иемденуді автоматты түрде анықтау. Дрондар жоғары ажыратымдылықтағы түсірілім арқылы рұқсатсыз салынған нысандарды дер кезінде анықтайды;
– Қоқыс алаңдарына жедел мониторинг жүргізу. Рейдтік жұмыстарды жедел ұйымдастыруға мүмкіндік беріп, экологиялық жағдайды жақсартуға ықпал етеді;
– Құрылыс нысандарының барысын фото-бейне бақылау. Мердігер компаниялардың жұмыс сапасы мен мерзімін бақылауға мүмкіндік береді;
– Төтенше жағдайлар кезінде жылдам әрекет ету. Өрт, апат немесе басқа да қауіп туындаған сәтте дрондар жағдайды нақты бағалап, шешім қабылдау процесін жылдамдатады.
Бұл бастама мегаполистің қауіпсіздік деңгейін арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға және басқару процестерінің ашықтығын күшейтуге бағытталған. Қала басшылығының айтуынша, пилоттық режим оң нәтижесін көрсетсе, дрондар саны көбейтіліп, олардың қолданылу аясы кеңейтіледі.
Цифрландыру бағытындағы мұндай қадамдар Шымкенттің «ақылды қала» үлгісіне көшуіне мүмкіндік беріп, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтереді.
