Соңғы жылдары Қазақстан ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында ауқымды қадамдар жасап келеді. Соның жарқын мысалы – Түркістан облысы, Сайрам ауданында қолға алынған банан өсіру жобасы. Бұл жоба елімізде бұрын-соңды болмаған тың бастамалардың бірі ретінде кеңінен танылып келеді.
Қайнарбұлақ ауылында орналасқан «GEN GROUP KAZAKSTAN» компаниясының жылыжай кешені 2023 жылдың маусым айында іске қосылып, 5,3 гектар аумаққа бананның «Анамуз» сұрпының 7400 көшеті отырғызылды. Жоба «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Оның жалпы құны 1 миллиард 56 миллион теңгені құрайды.
Банан өсіруге арналған жылыжай Түркиядан әкелінген заманауи жабдықтармен жабдықталған. Мұнда +15°C шамасындағы тұрақты температура, байытылған топырақ құрамы және тамшылатып суару жүйесі секілді тропикалық жемістерге қажетті барлық жағдай жасалған. Жоба жылына 3000 тонна банан өнімін өндіруге қауқарлы.
Бұл бастама тек ауыл шаруашылығы саласына серпін беріп қана қоймай, әлеуметтік маңыздылығымен де ерекшеленеді. Қазіргі таңда жылыжай кешенінде 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Алғашқы өнім мамыр айында жиналып, отандық нарыққа, әсіресе Алматы қаласына жеткізіле бастады.
Жоба алдағы уақытта кеңейтіліп, қосымша 3,7 гектар аумақта құлпынай өсіру, сондай-ақ манго, авокадо, ананас секілді тропикалық жемістерді өсіру де жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етіп, азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан мұндай жобалар ел экономикасына, әсіресе ауылдық жерлердің дамуына тың серпін берері сөзсіз. Сайрам ауданындағы банан өсіру жобасы – ауыл еңбеккерлерінің жаңашылдыққа бейімділігінің, табиғатқа бейімделе отырып еңбек етуінің айқын дәлелі.