Бүгін Сайрам ауданындағы «Манкент» шипажайында композитор, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туған күніне орай «Сағындым Шәмші әндерін!» атты ән кеші өтті. Шараны еліміздің әр өңірінен шипажайға келген 600-ден астам адам тамашалады
Мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Мадияр Оразалиев қатысып, жарты ғасырдан астам еліміздің кең байтақ даласы мен шырқау көгінде қалықтаған қайталанбас Шәмші әуендері ХХІ ғасырды да ерекше сазымен асқақтатып жатқандығын жеткізді.
Жиында аудандық Құрманбек Жандарбеков атындағы мәдениет үйінің 50-ге жуық өнерпазы қатысып Шәмшінің әндерін шырқап, театрландырылған сахналық қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Оның ішінде, Қазақ Халық театры, «Ақсу» Халықтық фольклорлы ансамблі, «Ғұнча» халық ансамблі, эстрада әншілері, және «Самұрық» би тобы өнер көрсетті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі