Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша алматылықтармен кездесу өткізді.
«Егер әрбір азамат сапалы тауарлар мен қызметтерді тұтыну кезінде өз құқығын қорғайтын болса, нәтижесінде тікелей немесе жанама түрде бизнесмендер арасында саламатты бәсекелестікті арттыруға ықпал етеді. Іріктеліп, тек үздіктері қалады», деді Салтанат Тұрсынбекова.
Қазақстандықтардың 35 пайызы тұтынушы құқығы бұзылса ешқайда жүгінбейді екен. Мұндай нәтижелерді табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің 2017 жылғы әлеуметтік сауалнамасы көрсетті. 2021 жылы табиғи монополияларды реттеу комитеті жүргізген тағы бір әлеуметтік зерттеу Қазақстанда тұтынушылардың құқықтары негізінен бөлшек сауда, қоғамдық тамақтандыру, қоғамдық көлік, ХҚКО және базарлардағы сауда салаларында бұзылатынын көрсетті.
«Сауда орталықтарына, дүкендерге, базарларға, тамақтану орындарына барамыз. Осы мәселелерде тұтынушы ретінде құқықтарымыз қаншалықты қорғалған? Тауар бүлінсе, қызмет толық көлемде, өз уақытында көрсетілмесе ше? Қазақстанда осы бойынша арнайы тұтынушылардың құқығын қорғайтын заң қабылданған, бірақ оны қарапайым азаматтар біле бермейді», деді кандидат.