Сарыағаш ауданы Дарбаза ауылындағы №70 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанұзақ Сыдықов үйінен үстел теннисінің залын ашып, жеті Қазақстан чемпионын дайындаған.
Ол осы салада 40 жылдан бері қызмет етіп келеді. Қазір мұғалімнің үш тобы бар, әр топта 10 оқушыдан. Аядай ғана жерден үстел теннисінің чемпиондарын дайындап шығарған. Тәжірибелі жаттықтырушы балаларды 5-6 жастан бастап баулиды. Олардың арасында өзінің немерлері де бар. Алтыншы сыныпта оқитын Диана Жанұзақ — облыс чемпионатының жүлдегері. Ал Жасмин Жанұзақ — ауыл чемпионы.
Айта кетсек, жалпы Түркістан облысында балаларды үстел теннисіне баулитын 27 спорт мектебі бар. Онда 2 500 спортшы үстел теннисімен кәсіби түрде айналысады. Сонымен қатар, 107 жаттықтырушы еңбек етеді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі