Сарыағаш ауданы: Инвестициялық жобалар мен инфрақұрылымдық жетістіктер

Сарыағаш ауданы

Сарыағаш ауданы – Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан, табиғи ресурстарға бай, туризм мен ауыл шаруашылығы салаларында әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Соңғы жылдары ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай оң өзгерістер байқалуда. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм, инфрақұрылым және инвестициялық жобалар салаларында нақты көрсеткіштер мен нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.

2025 жылдың 5 айында өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 13 млрд 77,1 млн теңгеге жетсе, инвестиция көлемі 13 млрд 20,8 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, биыл ауданда өнеркәсіп саласында жалпы құны 5 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 145 адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы брифингте Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев мәлімдеді.

«Ауыл шаруашылығы саласында 2025 жылдың 5 айында 35 млрд 214,6 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғы осы уақытпен салыстырғанда 5,9%-ға өскен. Оның ішінде мал шаруашылығының өнім көлемі — 11 млрд 648,8 млн теңге, ал егін шаруашылығы — 23 млрд 565,8 млн теңге. Биылғы жылы аудан бойынша 75,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Жалпы 797,2 гектар жерде жылыжайлар орналасқан. Бұдан бөлек, биыл қаңтар-мамыр айларында ауданда 25 277 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға  беріліп, белгіленген жоспар 108,6%-ға орындалды», — деді аудан басшысы.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша биыл 4 елді мекенді (Шеңгелді, Тасқұдық, Ақ үй, Сарысу) ауыз сумен қамту құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Қазіргі таңда 7 елді мекенді (Жылға, Көктерек, Шайхана, Қарақалпақ, Құрысай , Тасқұдық, Сарысу) табиғи газбен қамту мақсатында құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Дербісек және Дарбаза ауылдық округтерінің ішкі көшелеріне «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудандық бюджет есебінен биыл 49 көшеге (25,7 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары Сарыағаш қаласы, Ақжар, Жартытөбе, Көктерек, Құркелес, Қабланбек, Дарбаза, Жемісті, Жылға, Жібек жолы елді мекендерінде жүргізіледі. 2024 жылдың қорытындысымен қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесі 69% болса, 2025 жылы көрсеткішті 73%-ға жеткізу жоспарланған.

Сарыағаш ауданы соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық дамуында үлкен серпіліс жасап отыр. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм және инфрақұрылым салаларындағы жүйелі жұмыстар мен инвестициялық жобалар ауданның болашағын айқындай түсуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса берсе, Сарыағаш алдағы уақытта еліміздің ең дамыған аудандарының біріне айналуы әбден мүмкін.