Сауран ауданында жаңа мешіт ашылды

мешіт

Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Сауран ауданы, Жібек жолы ауылдық округі, Сауран елді мекенінде ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің демеушілігімен «Сауран» мешіті ашылды. Имандылық ордасының ашылуына Түркістан облысының бас имамы Ержан Төлепов арнайы қатысып, атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Салтанатты жиында мешіт имамына қасиетті Құран Кәрім кітабы табысталды. Көпшіліктің қуанышымен бөлісуге арнайы келген аудан әкімінің кеңесшісі Жолдас Мырзабеков, облыстық мәслихат депутаты Баймахан Сүлейменов, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, аудандық мәслихатының депутаты Арсылан Раматуллаев, Түркістан қаласының құрметті азаматы Мақсұт Атамбаев пен ауыл ақсақалдары көпшілікті имандылық үйінің ашылуымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, жаңа мешіттің салынуына ұйытқы болған Ерғазы Жүсіповке умра қажылыққа сертификат табыстап, иығына шапан жапты.

Жалпы сыйымдылығы 150 адамдық мешіттің ашылуынан соң ас беріліп, Құран бағышталды. Жиылған қауым құлшылық орнының ауласында көшет отырғызды.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі