Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 5 000 тоннаны құрайтын сүт-тауарлы ферманың құрылысы басталды. Жобаның жалпы инвестициялық құны — 4,1 млрд теңге. «SULTAN AGRO GROUP» ЖШС-ң басшысы Бауыржан Махмұтов 600 басқа арналған 10 гектар аумақтағы ферманың құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Шаға ауылдық округіне арнайы барып, нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Серіктестік өндіріске қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-на 2,5 пайызбен 2 млрд. теңге несие алу үшін құжаттарын тапсырған. Бүгінгі таңда комиссия қарауында. Сонымен қатар, 2,5 % пайызбен ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері тарапынан 2 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарлануда. Аталған сүт фермасы іске қосылған жағдайда 100 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі