Саяси элита сыннан сүрінбей өтуі тиіс

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау арқылы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасалғанын айтты. Мәжіліске көзқарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштердің келгені соның айғағы. Мұның бәріне, әрине, Мемлекет басшысы атап өткендей, ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік.

Кезектен тыс депутаттар сайлауында партияларға, үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілді. Қандай да бір саяси ұйымға артықшылық берілген жоқ. Сайлауға қатысқан 7 партияның 6-уы Мәжіліске өтіп, парламенттік фракция саны екі есе өскені белгілі.

Президент сайлау алдында сайлаушылар да, үміткерлер де айрықша белсенді болғанын атап өтті. Саяси партиялардың телевизиялық пікірталастары халық көңілінен шықты. «Бұл – демократиялық қоғам үшін қалыпты үрдіс. Мұның бәрі Қазақстанда ашық азаматтық қоғамның нығайып келе жатқанын көрсетті» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қажетті дауыс жинай алмаған үміткерлер үшін де бұл үлкен тәжірибе және жаңа мүмкіндік екендігін атап өтті. Кез келген сайлауда жеңіске жету үшін жылдар бойы қажырлы еңбек ету қажет.

Бұл жолы Мәжіліс депутаттарының 70%-ы жаңарды. Жаңа құрамда өз пікірін ашық айта алатын, қоғам мүддесін қорғайтын тұлғалар бар екеніне сенгіміз келеді. Сонда ғана саяси элита мен саяси жүйе жаңарып, жанданады. Ал, бұл әртүрлі саяси бағыттағы партиялардың өз мүмкіншіліктерін кеңінен көрсетуге жол ашатыны сөзсіз.

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ,

Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы