Семей қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан «Қабанбай батыр мемориалы» дәстүрлі республикалық турнирі өткізілді. Дарабоз батырға арналған жарыс биыл дәстүрлі түрде 21-ші мәрте ұйымдастырылып отыр. Аталған спорттық жарыста Түркістан облысы Полиция департаментінің Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері 3 белдесу өткізіп, барлығында айқын басымдықпен жеңіске жетіп, жүлделі орын иеленді. Нақтырақ айтсақ, әйелдер арасында самбодан өткен сайыста 65 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан полиция лейтенанты Айнұр Ақжігітова 2-ші орынды қанжығасына байлады. Палуан қыздың марапатын Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков салтанатты түрде табыс етіп, спортты серік еткен полицей аруды кезекті жеңісімен құттықтады. Иә, полицей қыздарымыздың арасында әлсізі жоқ. Солардың қатарында Айнұр да бар. Ол ТО ПД-ның Жылдам қимылдайтын арнайы жасағына қызметке орналасып, абыройлы еңбек етіп жатқанына да 1 жылдан асты. Ең қауіпті, ең маңызды салалардың бірінде қаймықпастан қолына қару алып, қызмет атқарып жүрген Айнұр бала кезден полицей болуды армандаған. Кішкентайынан спортпен шұғылданған оның Әлемдік, Халықаралық, Республика көлемінде өткізілген спорттық жарыстардағы марапаттары мен медальдарының саны жетпіске жуықтаған. Бағы мен бабы келіскен Айнұр Ақжігітова өз сөзінде: «Мен 1996 жылы Түркістан қаласында туғанмын. 12 жасымнан бері спортпен шұғылданып келемін. Әкем менің спортқа құмар екенімді көргеннен кейін қолдау білдірді. Күнделікті жаттықтырды. Кейіннен кәсіби деңгейдегі алғашқы жаттықтырушым Нулифар Абилова болды. Одан бөлек, Әбсадық ағайдың да сабақтарын алдым. Осындай тәлімгер жаттықтырушыларымның арқасында биіктерді бағындырып, көк туымызды көкке көтеріп жүрмін. Қазіргі таңда Самбо күресінен спорт шеберімін. Халықаралық жарыстардың жүлдегерімін. Әйелдер арасындағы Самбо күресінен ҚР финалисімін. Самбо күресінен Азия чемпионатының жүлдегерімін. Ал, полицейлер қатарынан табылуымның бірден-бір себебі, бала кезден тәртіп сақтауға өз үлесімді қосуды армандағанмын. Қылмыскерлерді ұстап, тыныштықты сақтауда абыройлы еңбек ететініме сендім. Бала қиялым мені осы салаға әкелді. Міне, 2020 жылдың қараша айынан бастап Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкерімін. Бұл менің өмірімдегі ең маңызды жетістігім десем де болады»,-деп шынайы сезімін жеткізді. Ендеше ел қорғаны, чемпион қызды жеңісімен құттықтап, келе жатқан Жаңа жылда да тек биіктен көріне бер демекпіз.
ТО ПД баспасөз қызметі