«Сергек» тәртіп сақшылардың сенімді серігіне айналды

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы  Түркістанда да сәтті жүзеге асуда. Оған қалада пайда болған ақылды емханалар, смарт жобалар мен электронды қызметтер дәлел. Мамандардың айтуынша, тіпті бағдарламаның өрістеуі қылмыс санын да азайтып, алдын алуға үлкен септігін тигізіп отыр. Цифрлы заманауи технологияны  қолдану халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашып отыр. 

Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы былтыр «Сергек» ГЧП жобасын іске асыру бойынша барлық қажетті процестер мен рәсімдерді өткізді. Атап айтар болсақ, салалық сараптама, мемлекеттік әріптес пен жеткізушіні таңдау сынды қызметтердің цифрлы сапасы артты. Қазірдің өзінде  ГЧП аясында жол қиылыстарындағы 26 кешен және желілік учаскелердегі 54 кешен, барлығы  80 кешен автоматтандырылды. Сондай-ақ 200 жалпы бейне бақылау камерасы, серверлік жабдық, деректерді сақтау жүйесі іске қосылды.   Мемлекеттік бағдарлама аясында өткен жылдың мамыр – қараша айларында тәртіп бұзған азаматтардан 623 млн.теңге сомасына айыппұл тіркелген болса, 2022 жылы наурыз айынан бастап 152 млн.теңге айыппұл тіркелді.

         2022 жылдың 1 наурызда Түркістан қаласы көшелерінің қиылысында орнатылған 26 «Сергек» тіркеу камерасы іске қосылды. Жаңа камералар Тәуке хан мен Саттарханов даңғылдары бойынша, Қызылорда тас жолы бойындағы «Газпром» ЖҚС ауданында, Кентау, Атабай, Балтакөл және Шымкент тас жолдары бойынша орнатылды. Сондай-ақ камералар Жібек жолы, С.Ерубаев, Б.Майлин, Майкотов, С.Қожанов, Қарадауов көшелерінің қиылысында, Мега-орталық ауданында, Қазыбек би, Жарылқапов, Алтынсарин, О.Жандосов, Тәуелсіздікке 10 жыл, Бірлік, Шектітілеу, Әл-Фараби және Сандыбай көшелерінде де жұмыс істейтін болады.

«Қауіпсіз қала» жобасы аясында Кентау қаласына да сергек бейне бақылау камералары қойыла бастады. Облыс орталығы — Түркістан қаласына ең жақын орналасқан қала болғандықтан көлік саны да артқан. Камералар орнату арқылы қаланың қауіпсіздігін күшейту, жол қозғалысы ережесінің бұзылуына жол бермеу, жол-көлік оқиғасының санын азайту көзделген. 16 наурыздан бастап қаланың Ясауи мен Төле би көшелерінің қиылысына, «Ынтымақ» алаңына қойылды. Жалпы, 20 «Сергек» бейне бақылау камераларын орнату қажет пунктілері ұсынылған. Қала әкімі Рашид Аюпов Кентауды қауіпсіз қалаға айналдыру мақсатында жыл соңына дейін сергек бақылау камералардың санын арттыруды жоспарлауда.

Сондай-ақ, биыл мамыр айынан бастап Түркістан облысының «Түркістан-Шымкент» бағытына қойылған Көкарал, Спатаев ауылдары маңындағы бейнебақылау камералары іске қосылды.
          Мамандардың мәліметінше, Жыл басынан бері облысқа қарасты республикалық және халықаралық маңызы бар трассаларда – 57, жергілікті маңызы бар автожолдарда 73 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жалпы өңір бойынша 212 жол-көлік апаты болды, салдарынан 286 адам жарақаттанды, 51-і ажал құшты. Мамандар облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының жартысынан астамы жылдамдықты шектен тыс асырудан орын алатынын айтуда. Сондықтан облыстағы республикалық маңызы бар жолдарға «Сергек» видеобақылау жүйелері орнатылуда.

Егер қандай да бір ережелерін бұзсаңыз, мұның бәрі бейнебақылау камералары мен бекіту жүйелерінің назарынан тыс қалмайды. Осыған байланысты Түркістан облысының полицейлері жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігі туралы ескертеді.

Ntime.kz