Серпінге сенім білдіргендердің қатары артып келеді

Серпін

«Серпін — 2050» «Мәңгілік ел жастары — индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы 2014 жылдан бастап жұмыс істейді. Бұл жылы да түскейлік түлектерді Солтүстік аймақ оқуға шақырады. Талай талапкердің қанатын қатайтқан «Серпін» бағдарламасы биыл да жалғасын таппақ. Бастама аясында ҰБТ нәтижесі төмен болған оқушылардың мемлекеттік грантқа қол жеткізу мүмкіндігі жоғары. Жоба бойынша білім беретін оқу орындары Шымкентке арнайы келіп, абитуриенттермен жеке тілдесті.

 «Серпінге» сенім білдіргендердің бірі – Ләйла Әсет. Бәйдібек ауданындағы жалпы орта мектепті бітірген ол ҰБТ-дан 89 балл жинаған. Көпбалалы отбасының мүшесі мемлекеттік грантқа қол жеткізуі үшін Қарағандыға оқуға түспек. Талапкерді тегін жатақхана, мол шәкіртақы қызықтырып отыр.

 Ел аумағында Ләйла сынды 6 мың жас «Серпін» бағдарламасының шарапатын көріп келеді. Олар Өскемен, Семей, Арқалық қалаларында білім алуда. Бір ғана Қарағандыдағы Букетов университетінде 2 мың студент «Серпінмен» оқып жүр. 

Бағдарлама мақсаты — халқы тығыз орналасқан еліміздің оңтүстік аймақтарындағы жастарды кадр жетіспеушілігі байқалған Қазақстанның солтүстік, батыс және шығыс өңірлерінде оқытып, жұмысқа орналастыру. Бұл бағдарлама бірінші жылы педагогикалық мамандықтар бойынша іске асқан, кейіннен оның аясы кеңейіп, техникалық және ауылшаруашылық мамандықтарын қамтып отыр.

«Серпін» бағдарламасымен грант негізінде оқуға түскен студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі және оқу бітірген соң жұмысқа тұруға университет ықпал жасайды.

 Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары өндіріс орындары дамыған, жұмысшы  күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Осы уақытқа дейін «Серпін» бағдарламасы бойынша тегін білім алған студенттер оқу бітіргеннен кейін оқыған өңірлерінде үш жыл жұмыс істеуге міндеттелген болса, ендігі уақытта талап өзгеріп еңбек өтеу мерзімін азайтып, екі жыл жұмыс істеу міндеттелді. Сондай-ақ, жас мамандар тек оқыған өңірінде ғана емес, солтүстік, батыс және шығыс өңірлеріне қарасты 11 аймақта жұмыс істеуіне болады.



Be the first to comment on "Серпінге сенім білдіргендердің қатары артып келеді"

Leave a comment

Your email address will not be published.


*