«Солтүстікке көш» бағдарламасы түркістан тұрғындарына таныстырылды

Солтүстікке көш

Солтүстік Қазақстан облысының Қандастар мен қоныс аударушылар орталығының делегациясы Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келіп, қалалық Мансап орталығында тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесу барысында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтарға арналған «Солтүстікке көш» бағдарламасы таныстырылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Іс-шараға облыстық Еңбек мобилділігі орталығының директоры Абзал Қазанғапов, Қандастар мен қоныс аударушыларға арналған ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі Әнуар Бердібекұлы, сондай-ақ «TAUEKEL» ұйымының жетекшісі Бурахан Дақанов қатысты. Олар жиналған тұрғындарға Солтүстік Қазақстанға қоныс аударудың артықшылықтары, қоныс аударушыларды қабылдау процестері мен үкімет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Абзал Қазанғапов өз сөзінде, «Солтүстікке көш» бағдарламасының мақсаттарын түсіндіріп, бағдарламаның негізінде оңтүстік өңірлерден солтүстік аймақтарға қоныс аударушыларға қолайлы жағдайлар жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар, Әнуар Бердібекұлы өз сөзінде қоныс аударушыларды қабылдау және оларды бейімдеу жұмыстарын қалай жүргізетіндерін жеткізді.

Бурахан Дақанов көшкісі келетін азаматтарға арнайы жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдаулар туралы мәлімет беріп, қоныс аударудың әлеуметтік және экономикалық тиімділігін түсіндірді. Ол Солтүстік Қазақстан облысына көшудің артықшылықтарын атап өтіп, жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, тұрғын үй мәселелері мен балалар үшін білім беру мүмкіндіктерін сөз етті.

Жиын соңында тұрғындар спикерлерге сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алуға мүмкіндік алды. Көпшіліктің көкейінде жүрген қоныс аударуға қатысты көптеген мәселелер талқыланып, бағдарлама аясында қандай көмек көрсетілетіні жайында нақты ақпарат берілді.

Бұл шара Түркістан қаласының тұрғындары үшін Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару мүмкіндіктерін кеңінен түсіндіріп, жаңа мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы хабардар болуына ықпал етті.