Солтүстіктен келген өкілдер Ордабасы тұрғындарымен кездесті

Солтүстіктен келген

Қазіргі таңда, солтүстік аймақтарға қоныс аудару мәселесі Қазақстан үшін маңызды болып отыр, себебі бұл өңірдің демографиялық жағдайы күрделі болып, халықтың көші-қоны мен еңбек күшінің қажеттілігі артуда.

Өңіраралық қоныс аудару — бұл бір өңірден екінші өңірге халықтың немесе жеке адамдардың қоныс аударуы. Қазақстанда бұл процесс көбінесе еңбек нарығы мен әлеуметтік инфрақұрылымның даму деңгейіндегі айырмашылықтармен байланысты.

Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару соңғы жылдары өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Себебі, бұл өңірлерде жұмыс күшінің тапшылығы байқалады, әсіресе ауыл шаруашылығы, құрылыс және өндіріс салаларында. Солтүстік Қазақстанның өңірлеріне жұмыс күшін тарту үшін мемлекет арнайы бағдарламалар қабылдауда, соның ішінде қоныс аударушыларға әлеуметтік және қаржылық қолдау көрсетіледі.

Қоныс аудару мемлекеттік бағдарламалар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін, мысалы, «Еңбек» бағдарламасы аясында халықты солтүстік өңірлерге көшіру үшін арнайы ынталандыру шаралары қарастырылған. Қоныс аударушыларға тұрғын үй, жұмыс, білім және медициналық қызметтер бойынша жеңілдіктер мен көмек көрсетіледі.

29 қазан 2024 жыл Ордабасы аудандық мансап орталығы ғимаратында «Қандастар және қоныс аударушылар орталығының» (СҚО) өкілдері «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасы аясында аудан халқымен кездесу өткізді. Бұл шараның мақсаты – қоныс аудару үдерісіне қатысқысы келетін азаматтарға қажетті ақпаратты жеткізу, көші-қонға байланысты сұрақтарға жауап беру және өңіраралық қоныс аудару мүмкіндіктерін түсіндіру.

Кездесу барысында «Қандастар және қоныс аударушыларға ақпараттық-түсіндіру орталығының» директоры Әнуар Тоқпан тұрғындарға өңіраралық қоныс аударудың артықшылықтары, оның ішінде жаңа мүмкіндіктерге жол ашу, тұрғын үй мәселелерін шешу және әлеуметтік қолдаулар алуға мүмкіндік бары кеңінен түсіндірілді.

Қоғам белсендісі, «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов теріскейдің климаты, ауыл шаруашылығы үшін тиімді тұстарын, сонымен қатар «Өңіраралық қоныс аудару» бағдарламасы халыққа үлкен қолдау көрсетіп, жаңа аймақтарға бейімделуіне жағдай жасалатыны дан айта кетті.

Теріскейден келген өкілдер тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, солтүстік өңірлерге қоныс аударуға оңтүстік жұртын шақырды.

Сонымен қатар 2024 жылдың 30 қазан күні Арыс қаласында «Өңіраралық қоныс аудару» бойынша Солтүстік Қазақстан облысынан «Қандастар және қоныс аударушыларға ақпараттық-түсіндіру орталығы» өкілдері тұрғындармен кездесу өткізді.

Кездесуге келген Арыс қаласының тұрғындарының қойған сауалдары тұрақты жұмыс орындары, тұрғын үй, инфрақұрылым бағытында болды.

Қандастар және қоныс аударушыларға ақпараттық-түсіндіру орталығының директоры Әнуар Тоқпан, қоғам белсендісі, «Тәуекел» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бурахан Дақанов қойылған сұрақтарға жауап беріп, оңтүстік жұртын жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге көшуге шақырды.

Солтүстік Қазақстанға қоныс аудару елдің экономикасын дамытуды мақсат етеді.