Ұлттық спорт – ұлт құндылығы

спорт

Әрбір ұлттың әдебиетімен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен бірге жасасып келе жатқан құндылықтары бірі — ұлттық спорты. Бесіктен белі шыққан баласының өзі асық атуға асығатын елдің ұлттық спортқа деген ептілігі ол бастан қанына сіңген.

Көне тарих беттеріне көз жіберсеңіз, халқымыздың жігерін жанып, салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілігін оятқан спорттық ойындардың көптеген түрлерінің бар екеніне қайран қаларың анық. Атап айтсақ, ат спортының түрлері, ақыл-ой ойындары, күрес түрлері, күш сынасу сияқты адамға жігер беретін, санасын серпілтетін ұлттық ойындардың қай –қайсысының да руханият төрінен ойып тұрып орын алатындай қадірі мен қасиеті бар.

Жалпы, дәстүрлі спорт түрлері өмір сүру салты, адам өмірі, еңбегі, ұлттық негіздер, ар-намыс, қадір-қасиет, батылдық, күш-қайрат, ептілік, төзімділік және жылдамдық сияқты қадір-қасиеттерді бейнелейді. Онда Ұлы Далада күш-қайрат, ептілік, өзін-өзі кемелдендіруге ұмтылыс, жақындарына тіреу болу қабілеті өмір сүру мен дамудың кілті саналатын көшпелі тұрмыстың рухы бар.

Қазіргі кезде елімізде жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстардың көптеген түрлері өтуде. Бір қуантарлық жағдай — қазіргі жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысы жоғары. Себебі атқа отырып, құс салып, шіреніп садақ тартқанда, олар ата-бабаларымыздың мықтылығын, серілігін, жігерлілігін сезінеді.

Жалпы, қазақ баласының бесіктегі тербелісінен бастап, бүкіл ғұмыры ұлттық спортпен тығыз байланысты. Құрбы-құрдастарымен асық ойнауы — мергендік пен дәлдікке, ептілікке, бес жаста ат жалын тартып мінуі — батылдыққа, күресуі — әдіскерлікке, көкпар тартуы — күштілікке тәрбиелейтін құрал.

Тіпті, біздің көкпарды енді ғана көрген шетелдіктердің таң-тамаша болып, мойындауының өзі ұлттық спортымыздың қаншалықты бағалы, құнды екендігінен сыр аңғартса керек. Осындай сәттерде баға жетпес құндылықтарды бойына жинай білген баһаүр бабаларымызға деген шексіз құрмет пен мақтаныштың бойды кернейтіні рас.

Қазақ «Тәні саудың жаны сау» дегенді жақсы түсініп, қанымен, дәстүр-салтымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлерін бүгінгі ұрпағына мирас етті. Ендеше осы қастерлі құндылықтың арқасында ерік-жігері мықты, рухты жастардың ұлттық спортты ұлықтауы маңызды.