Қазақстан – құқықтың мемлекет болғандықтан, мемлекетіміздің басты кейіпкері соттар екені белгілі. Халқымызда «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген аталы сөз бар. Мұның мағынасы – билік айтушы ешкімді алаламайтын, адал, қара қылды қақ жарған әділ болу деген бабадан қалған астарлы ұғым. Көрнекті ғалым Салық Зиманов «Би – дала төсіндегі әділдіктің басты жаршысы, қара қылды қақ жарған төреші, үлгілі жол-жоралғыларды түзе білген заң шығарушы, өрелі сөзді өрнектеген ақын, қызыл тілдің тезімен талайды пәтуаға келтірген шешен, қысылтаяң тұста тіл қаруы мен найзасын қолына қатар ұстаған батыр», деген. Судьялар да даулы мәселелерде түйінді шеше білетін, әділдікті ту еткен тұлғалар. Біздің бүгінгі сот билігіміз Ұлы дала өркениетінде сот билігінің қалыптасуы мен белсенді дамуында билер соты ерекше орын алған билер институтынан тамыр тартатыны белгілі. Даланың дана билерінің төрелік етер тұсындағы негізгі және үлкен қаруы «сөз» болған. Қандай да бір дау-дамайдың түйінін кесімді түрде кесекті сөзбен ғана шешіп отырған. Дүйім жұрт та уәжді сөзге тоқтаған.
Ең бастысы, бүгінгі күннің болашақ судьясын – өмір талабына сай, сот тәлімгерлік тәжірибеден, өндірістен өткен, адамгершілік, ар-ождан тазалығын, патриоттық сезімін, тәлім-тәрбиесін және өмірлік ұстанымдарын ескере отырып, жан-жақты білімді және білікті жастардан жасақтау қажеттігі – сот тәуелсіздігінің бір көрінісі ретінде жасалған оң қадам. Сот жүйесінің дәл қазіргі уақыттағы жеткен басты биігі – халықтың сотқа деген сенімінің артуы. Сотына сенген ел өзінің келешегіне сенеді, балаларына алаңдамайды, мемлекетті сыйлайды, кәсібін уайымсыз жасап тәртіпке бас иеді. Халық сотқа соңғы үмітін арқалап келеді, әділдік сұрайды егер сот шешіміне көңілі толмаса бүкіл мемлекетке өкпе қалыптасады.
Сондықтан сот жүйесін одан әрі жетілдірудегі басым бағыттардың бірі және бірегейі соттың ашықтығы, жариялылығы, халық пен сот арасында екіжақты байланысты бекемдеу болып қала бермек. Яғни соттардың шешімдері әділ болса, қоғамның мемлекетке деген сенімді көзқарасы арта түсері анық. Сот беделі сот шешімдерінің әділдігіне, судьялардың кәсіби біліктілігіне, ұстанған ұстанымы мен жеке басының қасиеттеріне байланысты. Әділдікті іздеген әрбір жүгініске судья ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін қалыптастыруға міндетті. Сондықтан мемлекетімізде сот жүйесі тек әділдікке негізделуі керек.
Судьялардың риясыздығына ешкімнің де күмәні болмауы керек. Ал, бұл судьялардың өздеріне байланысты. Тек осындай жағдайда ғана қазақстандық сот қоғамдағы әділдіктің басты көзіне айналып, халықтың алғысын иеленеді.
Осы орайда айта кететін жайт, қаламызда кәсіби деңгейі жоғары, білікті судьялар аз емес. Соның бірі ретінде 30 жылдан астам уақыт сот саласында қажырлы еңбек еткен терең білімді, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай іскерлігімен танылған Сот жүйесінің ардагер судьясы Қлышбаева Зияш Қараманқызы туралы айта кетпеуге болмайды. Ол 1956 жылы 08 сәуірде дүниеге келген. Қызмет жолын 1978 жылы Созақ ауданының нотариусы лауазымынан бастады. 1982 жылдан бастап Еңбекші халық сотының халық судьясы болып қызмет етіп, 1987 жылы Ленгір халық сотының халық судьясы болып тағайындалды. 2002 жылы ОҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болып тағайындалып, 2014 жылы аталған қызметі бойынша пенсияға шықты. Пенсияға шыққан соң да, шақыртумен экономикалық сотта қайта қызмет атқарды. Жастарға кәсіби мамандығы бойынша тәлім беру мақсатымен ұстаздық қызметті де атқарды. Сонымен қатар, Зияш Қараманқызы кәсіби іскерлігі бойынша жұмыс жасап қана қоймай, жастарға өмірлік кеңестер беріп, тәлім-тәрбие беріп келеді.
Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы С.Кәрім