Биыл елімізде, Түркістан облысында ағын су мәселесі өзекті болып тұр. Түркістан облысына қарасты Шардара ауданы — су ресурстарына тікелей тәуелді өңірлердің бірі. Ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология және халық денсаулығы – барлығы да судың жеткіліктілігі мен сапасына байланысты. Соңғы жылдары Шардарада ағын су мен ауыз су тапшылығы айқын байқалып отыр. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына да, тұрғындардың тұрмыс сапасына да елеулі әсер етуде. Облыс, аудан, қала әкімдіктері тарапынан осы мәселе бақылауға алынып, тиісті жұмыстар жүруде. Осы түйткілге байланысты Шардарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен ағын су және ауыз су мәселелері жөніндегі штабтың мәжілісі өтті. Жауапты басшылардың баяндамалары тыңдалып, мәселені шешу жолдары қаралды. Өңір басшысы ағын суға қатысты проблемаларды шешу үшін жүйелі әрі бірлескен жұмыс қажет екенін айтты.
– Өңірде ағын су мәселесі өте өзекті болып тұр. Жауапты мекеме басшылары, аудан, қала әкімдері бәріміз күндіз-түні бірлесе жұмыс істеуіміз керек. Аудан әкімдері егістікті әртараптандыру, су үнемдеу технологиясын енгізу, суды аз қажет ететін дақылдарды егу жұмысын атқаруы тиіс. Ағын су және ауыз су мәселелерін жүйелі түрде шешу үшін қалыптасқан жағдайға терең талдау жүргізіліп, тиісті мекемелермен бірлесе нақты қадамдық іс-шаралар жоспары әзірленсін. Аудан әкімдері «Ислам Даму банкіне» қаржыландыруға ұсынылған нысандардың құжаттарын толық және сапалы тапсырылуын қамтамасыз етсін.
Жергілікті шаруалар арасында су үнемдеу технологиясын енгізу және суды көп қажет етпейтін дақылдар егу бойынша насихаттау жұмыстарын жүргізіңіздер. Әрбір елді мекендер бойынша, қазіргі нақты жағдайды ескере отырып, ауыз суға қол жеткізудің жол картасы әзірлесін, – деді Нұралхан Көшеров.
Мәжілісте Шардара, Жетісай, Мақтаарал ауданы әкімдері мен «Қазсушар» мекемесі басшысының есептері тыңдалды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков ағын суға қатысты түйткілдерді тарқатты.
«Шардара» су қоймасында қазіргі таңда 926 млн текше метр су бар. Бұл деңгей былтырмен салыстырғанда 1554 млн текше метр аз. Су қоймаға келіп жатқан су деңгейі – секундына 102,0 куб. Су қоймадан шығып жатқан су деңгейі – секундына 450,0 текше метр. 2025 жылы аудандағы ауыл шаруашылығы саласына «Шардара» су қоймасынан 987,59 млн. м3 су лимиті бекітіліп, одан 827,59 млн. м3 ағын су шаруаларға жеткізіп берілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес егістік алқаптарда су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу тапсырмасы берілген. Аталған тапсырмаға сәйкес, ауданда 2025 жылы қосымша 8,0 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізу жоспарланған. Бүгінгі таңға 69 шаруа тарапынан 5,2 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп отыр. Жыл соңына дейін 32 шаруа қожалық 2,8 мың гектар егістік жерге тамшылатып суғару жүйелерін енгізу мақсатында «БНК групп» ЖШС-мен келісімшартқа тұрып, су үнемдеу технологияларын енгізуді жоспарлап отыр.
Шардарада ағын су мен ауыз су мәселелері – тек техникалық емес, стратегиялық маңызы бар әлеуметтік мәселе. Бұл түйткілді жүйелі шешу үшін мемлекет тарапынан кешенді бағдарламалар қажет. Сонымен қатар, тұрғындар арасында су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, су инфрақұрылымын жаңғырту мен табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану — ұзақ мерзімді шешімдердің негізгі бөлігі болмақ.