Сыбайластықты тежеуде қызметті ашық етудің маңызы зор.

Сыбайлас жемқорлық- заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр.

Ашықтық – мемлекеттік қызметті мінсіз етудің кепілі. Қызмет қолжетімді болған сайын, жемқорлық та алыстай береді. Осы мақсатта соңғы жылдары заманауи ақпараттық технология жетістіктері сот жұмысында тиімді пайдаланылуда. Қазір арыз-шағымды алып сот ғимаратына арнайы барудың керегі жоқ. Сотқа жіберетін сұрауларға, алатын анықтамаларға да электрондық жүйе арқылы тапсырыс беріп, қол жеткізу қиын емес. Сот отырысына қашықтан қатысып, сот істерін қайталап көруге, тексеріп отыруға мүмкіндік болған соң таныс іздеп азаматтар текке сандалмайды. Бұл да болса жаңа технологияның жетістіктері. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуде ақпараттық насихаттың орны бөлек. Бүгінде көшелердегі көрнекі жерлерден, мемлекеттік ғимараттардың маңдайшаларынан «Жемқорлыққа жол жоқ!» «Жемқорлықсыз болашақ!», «Пара берме!» деген мазмұндағы плакат, ұрандарды жиі көздестіреміз. Адам ақпаратты көзбен көріп қабылдайтындықтан, мұндай тыйымдардың жазылып тұрғаны дұрыс. Ертеңін ойлаған, жемқорлықтың зиянды екенін түсінген жандар теріс әрекеттен бойын аулақ салады. Пара берген мен пара алған адамның жауаптылығын, сыбайластыққа орын берген азаматтың жазасын жұртқа жете түсіндіріп, ақпарат таратып отыру да қажетті шараның бірі. Осы уақытқа дейін өз мәселесін таныс, туыс, жең ұшынан жалғасу арқылы шешкендерге қалыпты жағдай секілді қарайтындар көп болды. Ендігі жерде біз бұл түсінікті толық жоюымыз керек. Ал осы мақсатқа жету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шарамыз құқықтық сауатты арттыруға, заңдарды жетік білуге, қызметті барынша ашық, қолжетімді етуге бағытталғаны жөн.

Ntime.kz