«Балалар жылы» аясында «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев қаладағы Қаратау дәстүрлі өнер мектебінде өңірдің бір топ жастарымен кездесті. Басқосуға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің қала бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев, қалалық білім басқармасының әдістемелік орталығының директоры Меруерт Медетбекова, мектеп парламентінің президенттері мен «Адал Ұрпақ» клубының белсенділері қатысты. Кездесу барысында жастарға қатысты көптеген мәселелер көтеріліп, «Адалдық сағаты» тақырыбы аясында әңгіме өрбіді.
Сөз сөйлеу барысында спикерлер оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, балаларға сыбайлас жемқорлықтың жағымсыз салдары туралы айтып, әрбір істе адалдық таныту қажеттігін алға тартып, жасөспірімдерді әрдайым әділ болуға шақырды.
Шарада дәріскер болған Бауыржан Ілімшеұлы, «Биыл жыл шеңберінде ел ертеңі – өскелең ұрпақты қолдауға айрықша көңіл бөлініп отыр. Ұлт болашағының іргетасы мықты болуына, ең алдымен тағылымды тәрбие мен сапалы білім ықпал етеді. Білімді бала ер ертеңі демекші, Президентіміз биылғы Жолдауында да жас ұрпақ болашағына қамқор болып, жастар үшін алаңдап іргелі тапсырмалар бергені белгілі. Өйткені жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Бүгінгідей жоғары бәсекеге қабілетті әлемде ешкім туғаннан табысты бола алмайды және оған кепілдік те берілмейді. Ол үшін жастайынан үнемі еңбектену керек, ең алдымен, өз-өзіңді дамыту үшін біліміңді жетілдіріп, қай іске болмасын адалдық танытқандарың жөн. Білімді, өз еңбегіне әрдайым адал әрі әділ болған адамның әрқашанда өмірі ашық, жарқын, биік шыңдарды бағындырып, үлкен жетістіктерге жететініне сенімдімін. Бұл менің өмірлік тәжірибемнен түйгенім» — деді АКБ төрағасы.
Келесі сөз кезегін алған қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мектеп қабырғасынан басталатындығын алға артты.
Сондай-ақ, Жандос Жұмабаев парасаттылық сағаттарын қосымша сабақтар түрінде енгізуді және оларды тұрақты негізде өткізуді ұсынды. Жиын соңында қатысушылар тақырып аясында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, дәріскерлерден тұщымды жауаптар алды.