Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің қалалық департаментінің екіжақты бастамасымен кездесу өтті.
Күн тәртібіндегі басты мәселе азаматтардың әлеуметтік мәселелерін уақытылы шешу, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және осы салада парасаттылық идеологиясын ілгерілету.
Іс-шараға Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің қалалық департаментінің басшысы Б.Өсербаев пен қызметкерлері, құрметті мемлекеттік қызметшілер, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Ж.Қамбар мен ақпараттық-ағартушылық штабының мүшесі Қ.Анарбаев қатысты.
Шара барысында жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде қабылданған маңызды заңнамалық шаралар талқыланып, заңсыз сыйақы алушыларға ғана емес, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға да қатысты жауапкершілік қатаңдатылғандығы айтылды.
Сонымен қатар, қатысушылар жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырып, парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында қолға алынған жобалардан хабардар болды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамалық бастамаларды түсіндіру барысында жемқорлық құқықбұзушылықтары үшін жеке жауапкершілік нормаларын біле тұрып, алдын алу шараларын қолданбаған басшыларға қатысты жазаның қатаңдығы ескертілді.
Кездесу барысында сыбайлас жемқорлық туралы ақпараттарды хабарлаған азаматтарды көтермелеу институты жайында ақпарат беріліп, жемқорлық фактісі туралы хабарлаған адам соттың айыптау үкімінен кейін пара немесе залал сомасының 10 пайызын ала алатындығы, бірақ бұл көрсеткіш төрт мың айлық есеп көрсеткішінен аспайтындығы жеткізілді.
Шара соңында Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің қалалық департаменті тарапынан ашықтықты қамтамасыз ету, жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстары тыңдалды.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті