Шымкент қаласы аумағында 28-ден аса шомылу орындары бар, оның ішінде 9-ы жазғы демалыс ұйымдары. Маусымдық шомылу кезеңінің басталуына байланысты түрлі инфекциялық аурулардың алдын алу мақсатында мониторинг жүргізілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысының орынбасары Ахметов Алдарқұл Райымқұлұлы қаладағы демалу орындары мен жазғы шомылу бассейндері қандай талаптарды сақтау қажеттігін түсіндірді.
Терсеру барысында 2024 жылдың маусым айында су айдындарындағы судың сапасын бактериологиялық зерттеулерге 33 сынама алынып, оның ішінде 10 сынама санитариялық талаптарға сәйкес келмеген. Санитариялық-химиялық зерттеулерге 55 сынама су, паразитологиялық тексеруге 3 сынама, тырысқақ ауруына 19 су сынамалары алынып, оның ішінде санитариялық нормаларға жауап бермегені анықталмаған.
Демалу орындарының әкімшілігі тарапынан өндірістік зертханалық бақылауды қамтамасыз ету бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуі тиістігін ескертеді Шымкент қаласы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті. Өндірістік зертханалық бақылау тәртібі бойынша жүргізілген талдау нәтижелері қанағаттанарлықсыз болған жағдайда, ақпарат 24 сағат ішінде міндетті түрде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне жіберілетінін айтты Алдарқұл Райымқұлұлы. Бұл жағдайда бассейн жабылады, бассейннің қалыбы шайылып, дезинфекцияланады, күрделі жинау, қажет болған жағдайда қосымша микробиологиялық және паразитологиялық зерттеулер жүргізіледі.
Спикер мәлімдегендей, жазғы кезеңде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі қала аумағында орналасқан, оның ішінде шомылуға және демалуға арналған орындардағы жүзу бассейндері мен ашық су қоймалары суының сапасына және орталықтанған су құбырынан алынатын жүзу бассейндерінен зертханалық зерттеулерге сынама алумен мониторинг жүргізіледі.
Жауаптылардың айтуынша, субұрқақтарда шомылуға рұқсат етілмейді. Яғни су залалсыздандырылмайды және санитариялық талаптарға сәйкес келмейді. Бұдан бөлек, әртүрлі жарақаттар алу қаупі де бар. Арнайы шомылу орындарын таңдағаныңыз дұрыс. Өйткені онда су мониторинг арқылы бақыланып отырады. Бұл әртүрлі инфекцияларды жұқтырудың алдын алады.