Өткен аптада мемлекеттік грант иегерлерінің тізімі жарық көрді. Санаулы аптадан соң жаңа оқу жылы басталмақ. Осы ретте 2024-2025 оқу жылына жергілікті атқарушы органдардан конкурстық негізде мемлекеттік білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды. Әкімдіктер жыл сайын басым мамандықтар бойынша нысаналы даярлыққа гранттар бөледі. Биыл жергілікті атқарушы органдар 2475 білім беру гранттарын бөлді, деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Атап өтетін болсақ, 858 грантты елорда әкімдігі бөліп отыр. Бұл – әкімдіктер арасындағы ең үлкен көрсеткіш. Одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы – 270 грант, Абай облысы – 200 грант, Маңғыстау облысы – 175 грант, Ақмола облысы – 160 грант және Жетісу мен Қызылорда облысы – 100 грант, қалған аймақтар 100-ден аз грант бөлген.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін үміткер жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиясына өтініш беру қажет. Сондай-ақ ЖОО-ға білімі туралы құжат, ҰБТ сертификатын, жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, жеңілдік санатын растайтын құжаттарды (бар болған жағдайда) тапсырады.
Құжаттарды қабылдау мерзімі туралы ақпаратты әкімдіктерден, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады. Грант беру туралы шешімді әкімдік жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.
Сонымен қатар, 3000-ға дейін грант қайта бөлінеді; 870 жұмыс берушілерден грант; 800 Түркістандағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің гранттары; ректорлық гранттар; 850 «Қазақстан халқына» қорының гранттары; 500 Қ.А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқу үшін Түркия Республикасынан берілетін грант; сессия қорытындысы бойынша бос гранттар алу мүмкіндігі.Барлығы 8000-нан астам қосымша гранттар қарастырылған.
Сондай -ақ, жатақханалардың жетіспеушілігі мәселесі Алматы мен Астанадан басқа барлық өңірде шешілді, деп хабарлады Үкімет отырысында ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, деп хабарлады ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі.
«Бұл мақсатта жатақханалар салуға арналған мемлекеттік тапсырыс тетігі оңтайландырылды. Бір орынға арналған норматив (АЕК) 40%-ға ұлғайтылды, сондай-ақ мемлекеттік тапсырысты орналастыру мерзімі 8 жылдан 6 жылға дейін қысқартылды. Аталған тетік заманауи дизайны бар, жасыл кампус тұжырымдамасымен және шетелдік студенттік резиденциялар (student residence) форматына сәйкес келетін жатақханалар салуға мүмкіндік берді. Астана мен Алматы қалаларындағы жер учаскелерінің тапшылығын ескере отырып, ҚР ҒЖБМ мемлекеттік университеттерінің осы қалалардағы ғимараттарды жатақханаға қайта құру кезінде мемлекеттік тапсырыс мөлшерін 1 орынға жылына 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізуде», — деді Саясат Нұрбек.