Тең қоғамға бастар жол: «Белсенді ұзақ өмір» орталығы

Белсенді ұзақ өмір

Қоғамдағы әрбір азаматтың белсенді әрі салауатты өмір сүруі – мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Осы мақсатта құрылған «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы егде жастағы азаматтар мен әлеуметтік осал топтардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады.

Орталықтың негізгі қызметі – зейнет жасындағы азаматтардың физикалық белсенділігін арттыру, денсаулығын нығайту және қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік жасау. Мұнда спорттық жаттығулар, сауықтыру гимнастикасы, йога, би сабақтары ұйымдастырылып, кәсіби нұсқаушылардың жетекшілігімен өткізіледі. Сонымен қатар, психологиялық қолдау көрсету, құқықтық және әлеуметтік кеңес беру қызметтері де қарастырылған.

«Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығының тағы бір маңызды бағыты – қоғамда тең мүмкіндіктерді қалыптастыру. Орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға, жалғызбасты зейнеткерлерге және әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға жан-жақты көмек көрсетіп, олардың өз әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасайды. Түрлі үйірмелер, шығармашылық курстар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігі мен өзіне деген сенімі арта түседі.

Аталған орталық – тек қызмет көрсету орны ғана емес, ортақ мүдде мен өзара қолдауға негізделген қоғамдық алаң. Мұнда адамдар жаңа достар тауып, тәжірибе алмасып, өмірге деген құлшынысын арттырады.

Осы орайда Созақ ауданына қарасты Құмкент ауылдық округінде әлеуметтік және спорттық нысан ашылып, тұрғындар қос бірдей қуаныштың куәсі болды. Алдымен жабық үлгідегі кіші футбол алаңының ашылу салтанаты өтіп, одан кейін «Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы  есігін айқара ашты. Шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, тұрғындарды жаңа орталықтың ашылуымен құттықтады.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов орталықтың әлеуметтік маңызын атап өтіп, ардагерлерге жасалған жағдайға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ауданның Құрметті азаматы, ауыл қариясы Серікбай Байқұтиев биыл Құмкентте атқарылған ауқымды жұмыстар үшін ауыл тұрғындары атынан алғыс айтты.

Жаңа орталықта 13 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл нысан зейнет жастағы ардагерлерге және 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арналған. Бір мезетте 30 адамға дейін қызмет көрсетуге мүмкіндік бар. Сонымен бірге Қызылкөл елді мекенінің қариялары да осы орталықтың қызметін пайдалана алады.

Орталықта тұз шахтасы, психологиялық терапия бөлмесі, дене шынықтыру залы, оқу және демалыс бөлмелері, массаж кабинеті, бильярд және шахмат ойындарына арналған орындар мен шәй ішіп, еркін демалуға арналған асүй жабдықтары қарастырылған.

Жиын соңында тұрғындар жаңа орталықтың ішін аралап, көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты және өз ризашылықтарын жеткізді.

«Белсенді ұзақ өмір және тең қоғам» орталығы – азаматтардың денсаулығын нығайтып, әлеуметтік белсенділігін арттыруға бағытталған маңызды бастама. Орталықтың қызметі егде жастағы және әлеуметтік қолдауды қажет ететін жандарға тең мүмкіндік ұсынып, олардың қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасайды. Мұндай орталықтар қоғамдағы ынтымақты күшейтіп, әрбір адамның өмір сапасын жақсартуға өз үлесін қосады.