Туризм саласындағы ынтымақтастық нығайуда

Туризм саласындағы

Түркістан облысы — Қазақстанның рухани астанасы ғана емес, туризм саласының да маңызды орталығына айналып келеді. Өңірдің бай тарихи-мәдени мұрасы мен табиғи әсемдігі, заманауи инфрақұрылымымен қатар, шипажайлық-сауықтыру кешендері де жыл сайын мыңдаған туристі тартуда. Туризм бүгінде облыс экономикасының маңызды драйверіне айналып отыр.

Түркістан өңірі 1 700-ден астам тарихи-мәдени ескерткішке ие. Олардың ішіндегі ең танымалы — Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Сонымен қатар, Отырар қалашығы, Сауран, Арыстанбаб кесенесі секілді көне орындар тарихи туризмнің негізін қалайды. Бұл нысандар тек қазақстандықтар үшін емес, шетелдік туристер үшін де аса қызықты.

Осы ретте Түркістан облысына Түркияның туризм саласындағы жетекші өкілдері арнайы сапармен келді. Атап айтқанда, 18 ірі туркомпания басшылары, TURSAB ұйымының 3 өкілі және Turkish Airlines әуе компаниясының 2 өкілі Түркістанның туристік әлеуетімен танысты. Қонақтарды Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қарсы алып, киелі өңірдің тарихи-мәдени мұрасы, инфрақұрылымдық мүмкіндіктері мен туризм саласындағы жаңа жобалар туралы жан-жақты ақпарат берді.

Қонақтарға облысымыздың туристік бағыттары таныстырылып, тарихи және киелі нысандар көрсетілді. Сонымен қатар, инвестициялық мүмкіндіктер мен сервистік қызмет сапасын арттыру бағытында пікір алмасу өтті. Ақпараттық тур аясында меймандар Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, тарихи орындар мен жаңадан бой көтерген туристік нысандарды аралады.

– Бұл сапар – екі ел арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, шетелдік туристер легін арттыруға және Түркістанды халықаралық деңгейде кеңінен танытуға бағытталған маңызды қадам. Біз үшін Түркістан – тек тарих емес, болашақтың жарқын бренді. Осы бағытта жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Мұндай сапарлар Қазақстан мен Түркия арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтып, Түркістанды халықаралық деңгейде танымал етуге зор ықпал етеді.

Айта кетейік, өткен жылдың желтоқсан айында Түркістандық делегация өкілдері Түркияның Ыстанбұл қаласына барып, TURSAB туристік ұйымына мүше компаниялармен кездескен болатын.

Түркістан облысы – көне тарих пен заманауи инфрақұрылым тоғысқан ерекше аймақ. Туризм саласының қарқынды дамуы өңірдің экономикалық өсіміне, жұмыс орындарының артуына және халықаралық имиджінің нығаюына оң ықпал етуде. Алдағы жылдары Түркістан Қазақстанның басты туристік орталықтарының біріне айналатынына күмән жоқ.