Түлкібас аудандық мәдениет үйінде полиция бөлімі мен әкімдіктің ұйымдастыруымен «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форум өтті. Атаулы форумға мәслихат төрағасы Хамит Байысбаев бастаған халық қалаулылары, Спорт саласының үздігі, еркін күрестен халықаралық деңгейдегі спорт шебері 2010 жылы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының қатысушысы Ермек Байдуашев бастаған спорт саласының майталмандары, ардагерлер мен мекеме басшылары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, белсенді жастар және мектеп оқушылары қатысты.
Жиынды аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов ашып, қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ бүгінде ауданымызда жастарға сапалы білім беру мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.
Өз кезегінде полиция бөлімінің бастығы А. Серикбаев, аудан аумағында жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, жастарды жат қылықтардан аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар атаулы мекеме басшылары мінбеге шығып, тақырып аясында өз ойларымен бөлісіп, ізгі тілектерін білдірді. Шара соңында форум қонақтары өнерлі мәдениет үйінің концерттік қойылымын тамашалап, патриоттық әндер тыңдады.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі