Түркістанда «Е-асхана» жүйесі іске қосылады

Түркістан қаласында «Е-Асхана» пилоттық жүйесі іске қосылмақ. Осы орайда, Төле би атындағы №19 жалпы орта мектебі мен №28 мектеп-лицейі таңдалып алынған. Жобаның тиімділігі — балаңыздың мектепте қандай сусын немесе тағам тұтынғанын ұялы телефоныңыздағы қосымша арқылы көре аласыз.

Пилоттық жобаны егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатында аталған мектептерде кездесу өтті. Жиынға мектеп директорлары мен ата-аналар қатысты. Көпшілігі жүйенің тиімділігі жоғары екендігіне сенімді. Солардың бірі — екі перзенті бастауыш сыныпта білім алатын Ақтолқын Ержігітова. Жоба жүзеге асырылса, ұл-қызының мектеп асханасынан сатып алған асын қадағалап, тіпті күнделікті қаражат беру шегін белгілеуге болады.

«Жүйенің пайдасы орасан екені көрініп-ақ тұр. Арнайы мамандар мектептерде құрылғыларды таныстырды. Түркістандық балалар цифрлық жүйеге үйренуі керек. Жалпы қалалардағы мектептерде орнатылған жүйе республикамызда көң көлемде танылып, қолданыста», — дейді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова.

«Е-асхана» менеджері Әлібек Қалдыбековтің айтуынша, ата-ана баланы жүйеге тіркегеннен соң QR-код беріліп, баланың күнделікті тамақтануына арнап ай сайын немесе күн сайын мүмкіндігіне қарай ақша салып қояды. Оқушы асханаға QR-код арқылы төлем жасайды. Тиісінше, ата-аналары баланың қандай тағам мен сусын алғанын, бағаларын, құрамын бақылауда ұстау мүмкіндігі бар.

Ntime.kz