Түркістандағы жаңа аурухана құрылысы – сапалы медициналық қызмет кепілі

жаңа аурухана

Түркістан қаласында 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы жоспар бойынша қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба өңірдің денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жоба түркиялық «YDA Group» компаниясының жеке бастамасы негізінде іске асырылып жатыр.

Түркістан облысына ресми іс-сапары барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге облыс орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысанның құрылыс алаңында болып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Мердігер компанияның өкілдерімен кездесті.  Жобаға қатысты мәселелер мен жоспарды пысықтады.

Қанат Бозымбаев жобаның стратегиялық маңыздылығын ескере отырып, құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауды және барлық инженерлік инфрақұрылымды толық аяқтауды тапсырды.

Облыс басшысы Нұралхан Көшеров заманауи медициналық жабдықтармен қамту және кадр мәселесін алдын ала шешу қажет екенін атап өтті. Болашақта аурухана жоғары технологиялы емдеу қызметін ұсынатын аймақтық орталыққа айналуы тиіс. Осыған сәйкес, мамандар даярлау, қызмет сапасын арттыру, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін күшейту бағытында нақты жоспар әзірлеу қажеттігі айтылды.

Заманауи нысан 15,6 гектар аумақта бой көтерген. 7 қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 83 277 шаршы метр. Нысанды келесі жылы пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 87 пайызы аяқталған.

Түркістандағы 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысы облыстың медициналық инфрақұрылымын нығайтуға және тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Құрылыс жұмыстары қатаң бақылауда жүргізіліп, заманауи стандарттарға сай жүзеге асырылуда. Аурухана іске қосылған соң өңір тұрғындары үшін медициналық қызметке қолжетімділік артылып, денсаулық көрсеткіштері жақсарады, сонымен қатар жаңа жұмыс орындары мен экономикалық серпін туындайды. Бұл жоба Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосатын маңызды бастама ретінде қарастырылады.