Түркістандағы жол-көлік инфрақұрылымының дамуы

Түркістандағы көлік инфрақұрылымының

Соңғы жылдары Түркістан қаласы тек рухани орталық ретінде емес, заманауи инфрақұрылымдық дамуымен де ел назарында. Қалада жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Бұл жобалар облыс орталығының келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға сеп болуда.

Түркістан қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындардың қауіпсіз және жайлы қозғалысын қамтамасыз ету бағытында бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда қала аумағындағы Әл-Фараби және М.Тынышқұлов көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Яссы және Шауғар тұрғын алаптарындағы бірқатар көшелерде орташа жөндеу жұмыстары басталды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Түркістан қаласы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 433,49 шақырымға жетіп, бұл 51,3 пайыздық көрсеткішті құрап отыр.

2025 жылға арналған жоспарға сәйкес, Түркістан қаласында жалпы ұзындығы 138,5 шақырымды құрайтын 159 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, 2 жол нысанын қайта құру, 2 жаяу жүргіншілер көпірін салу, сондай-ақ 45 000 шаршы метр аумақта ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда.

Аталған іс-шаралар толық көлемде жүзеге асқан жағдайда, қалаішілік жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 67 пайызға дейін артады деп күтілуде.

Түркістан қаласындағы жол инфрақұрылымын дамыту – бұл өңірдің ғана емес, бүкіл елдің стратегиялық даму бағыттарының бірі. Заманауи жолдар мен көлік желілері қаланың туристік әлеуетін арттырумен қатар, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді. Бұл жұмыстар толық аяқталғанда Түркістан шын мәнінде жаңарған, озық қалалардың біріне айналмақ.