Түркістанда ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейтуге бағытталған шара өтті

ауыл шаруашылығы өнімдерін

Бүгін Түркістан облысына ҚР Парламенті Сенатының Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті іс-сапармен келді. Сапар барысында «SPK Turkistan» өндірістік парк пен «Түркістан» индустриялды аймағында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Оның ішінде, көкөніс сақтау қоймасы, «BNK GROUP» ЖШС-нің жаңбырлатып және тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен және «Тұран су» МКК-нің тамшылатып суғару жүйесінің өндірісімен танысты.

▪️Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Достық үйінде ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жөніндегі ірі жобалардың ауқымын кеңейту мәселелері бойынша комитеттің көшпелі отырысы өтті. Осы орайда, кездесуге Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев, ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүреков, Түркістан облысының әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов және облыстық Ауыл шаруашылығы басқарма басшысы Файзулла Байдуллаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылан Ибадуллаев қатысты.

▪️Жиында сөз алған ҚР Ауыл шаруашылығы Вице-министрі Ербол Тасжүрековтың сөзінше, 2026 жылы Түркістан облысында қуаттылығы жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» ЖШС өндірістік кешенін іске қосу жоспарлануда. Онда крахмал өнімдері өндіріліп, 500 жұмыс орнын құру көзделуде.

▪️Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша еліміздегі жалпы өнім көлемінің 13% өңірге тиесілі. Осы ретте, биыл 10 айда 1 трлн 86 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Сонымен қатар, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға орналастырылған. Егіс құрылымына сәйкес, дәнді дақылдар көлемі 9 мың гектарға артып 342 мың гектарға, майлы дақылдар 2,4 мың гектарға артып 73 мың гектарға, мақта 38 мың гектарға артып 144,5 мың гектарға орналастырылған.

▪️«Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені Республикада ерекше орын алады. Республика бойынша өндірілген мақтаның — 100 %, жүзімнің -82 %, бақшаның – 75 %, жеміс-жидектің — 40 %, көкөністің – 30 %, жүгерінің — 27 облыстың еншісінде. Мал шаруашылығы бойынша өндірілген еттің 12 %, сүттің 13% облысымыздың үлесінде. Бұл облыстың ауыл шаруашылығымен қатар, қайта өңдеу және тоқыма өнеркәсібінің ауқымды шикізат базасы ретінде қалыптасып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғарғы әлеуетін көрсетеді. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланып, нақты 59 мың гектар алқапқа орналастырылды. Сонымен қатар, 2026 жылға жылдық қуаттылығы 30 мың гектар алқапты құрайтын 2 кәсіпорын іске қосылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын шикізат өндіруден дайын өнім шығаруға бейімдеу мақсатында облыста үш кластерлік жобаны іске асыру жұмыстары басталды. Оның ішінде, мақта шикізатына экспорттық тәуелділікті жою бағытында, мақта-тоқыма кластерін құру бойынша 5 жоба жүзеге асырылады. Жобалардың өңдеу қуаттылығы жылына 193,3 мың тоннаны құрайды, 7 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделуде»,- деді Нұрбол Тұрашбеков.