Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің республикалық отырысы ұйымдастырылды. Іс-шараға ҚХА төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігі – ҚХА хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, облыстық «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан халқы Ассамблеясы шеңберінде Ақсақалдар кеңесін құруды тапсырған болатын. Соның нәтижесінде, елімізде 1200-ден астам Ақсақалдар кеңесі құрылып, елдің бірлігін нығайту бағытында белсенді жұмыстар жүргізуде. Кеңестің құрамында танымал тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары, этномәдени және ардагерлер бірлестіктерінің өкілдері бар. Жалпы, әртүрлі деңгейдегі кеңес құрамында 7000-нан астам азамат еңбек етеді.
Келелі кеңесте сөз алған ҚХА төрағасының орынбасары Марат Әзілханов, әр өңірден жиналған абыз ақсақалдардың жаңа «Достық үйіндегі» отырысы – халық игілігі үшін жасалған маңызды бастама екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл ғимарат барша түркістандықтардың бас қосатын орталығына айналады.
«Қазақ қоғамында ақсақалдар – даналық пен әділдіктің символы. Олар бейбітшілік пен бірлікті сақтай отырып, ел арасындағы мәселелерді шешуде әділ төрелігін айтқан. Бүгін де сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіз жастарға дұрыс жол сілтеп, ұлттық құндылықтарды, әділеттілікті санасына сіңіруге септігін тигізе алады. Бұл орайда, аса маңызды міндетіміз – адал азаматтарды тәрбиелеу. Президент айтқандай, «Адал азамат» – бұл ең үздік қасиеттерге ие, адал еңбек етіп, табысқа жетіп, адалдық пен әділеттілікті бәрінен жоғары қоятын тұлға». Ақсақалдар кеңесінің қызметі аясында әрбір азаматтың санасына осы құндылықтарды тыңғылықты жеткізу біздің ең басты міндетіміз. Сонымен қатар қоғамдағы бес әлеуметтік кеселмен жалпыұлттық күреске жұмылу, Президент жариялаған жұмысшы мамандықтар жылы аясында, әр өңірде елге сыйлы еңбек адамдарын дәріптей отырып, жастарға кәсіби бағдар беріп, еңбексүйгіштікке баулу маңызды», – деді Марат Алмасұлы.
Ғалым Шойкин, өз кезегінде, ақсақалдардың этносаралық саладағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы рөлінің маңыздылығына тоқталып, олардың қатысуының қоғамда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға ықпал ететінін атап өтті. Отырыста еліміздің әр аймағынан келген ақсақалдар жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, ел бірлігін нығайту бағытында халықпен, мемлекеттік құрылым өкілдерімен кездесулердің маңызы жөнінде өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Жалпы, өңірлік Ақсақалдар кеңесінің өкілдері бұл басқосуға оң баға беріп, алдағы уақытта мұндай шараларды дәстүрлі түрде өткізу қажеттігін білдірді.